Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазіргі таңда республикада қуаты 5 062 төсек-орын болатын 191 инфекциялық аурухана КВИ бойынша стационарлық көмек көрсетеді. Төсек-орынмен қамту 28%-ды, яғни 1434 төсекті құрайды. Реанимациялық төсек-орын 7%-ға (627 төсек-орынның 43-і) тең, - деп атап өтті еліміздің бас дәрігері.
Сонымен қатар министр инфекциялық төсек-орынмен қай өңірлердің көп қамтылғанына тоқталып өтті.
Инфекциялық төсек-орынмен қамтудың ең жоғары көрсеткіші Нұр-Сұлтан қаласында 55% және Солтүстік Қазақстан облысында 59% екені байқалады. Реанимациялық орынмен қамтудың ең жоғары көрсеткіші Нұр-Сұлтан қаласында – 28% және Түркістан облысында – 20%-ға тең. 4 тамыздағы жағдай бойынша еліміздің реанимация бөлімшелерінде КВИ диагнозымен 43 пациент жатыр. Елордада, Атырау мен Солтүстік Қазақстан облыстарда өкпені жасанды желдету аппаратымен 3 (7%) ересек пациент, Нұр-сұлтан қаласында инвазивті емес өкпені желдету аппаратында – 10 (23%) пациент тыныс алуда, - деді ведомство басшысы.
Айтуынша, барлық пациенттерде қоса жүретін аурулар бар. Пациенттердің 20,3%-ында артериялық гипертензия, 6,8%-да өкпенің созылмалы обструктивті ауруы, 5,4%-да жүректің ишемиялық ауруы, 8,1%-да қант диабеті анықталған.