Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Коронавирус жұқтырып, үйде емделіп жатқандарды оқшаулау мерзімі екі аптадан он күнге дейін қысқарады. Мұндай өзгеріс қаңтардың 24-інен бастап енгізілуі мүмкін, деп хабарлайды 24.kz.
Қазір сарапшылар бас санитар дәрігердің тиісті қаулысының жобасын қарастырып жатыр. Ең алдымен қысқарған карантин мерзімі вакцина салдырған немесе ревакциналаудан өткен жандарға қолданылады. Яғни олар науқастармен тікелей байланыста болса, он күндік оқшаулауға алынуы мүмкін. Оған қоса ПТР тесттің теріс нәтижесі де карантин мерзімін қысқартуға сеп болмақ. Бұл тестті карантиннің жетінші күнінде тапсыру мүмкіндігі беріледі.
Егер аурудың ешбір белгісі білінбесе, бірақ ПТР тест оң нәтиже көрсетсе, осы алгоритм қолданылады. Яғни олар он күндік карантинге отыруы тиіс. Бір аптадан кейін ПТР-сынаманы қайта тапсырып, нәтижесі теріс болса, онда сол күні олар карантиннен шығып, жұмысқа орала алады. Тапсырмаған жағдайда толық он күнге оқшаулануы қажет, – деді ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова.