Коронавирус: Үрей құшағындағы бір жыл

13 Наурыз 2021, 10:16
3147
Бөлісу:
Коронавирус: Үрей құшағындағы бір жыл
EX

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Осыдан бір жыл бұрын қандай едік? Заты тұрмақ, атын да естіп көрмеген коронавирус дегеннің не екенін білмей абдырап жүргенбіз. Біріміз сенбедік, бірімізді үрей алды. Біріміз індеттің таралуына кейбір адамдардың тәртіпке бағынбауы себеп болды десек, енді біріміз билікті жазғырдық. Жер-жаһандағы адамзат атаулының үрейін алған коронавирус біздің елде қалай басталды, қалай өрбіді, елдегі қазіргі эпидахуал қандай? 2020 жылдың әр айында елімізде медицина саласында нендей өзгеріс болып, қандай шаралар қабылданғанын саралап көрсек.

Коронавирус 2020 жылдың 13 наурызында ресми тіркелді.

Наурыз. 343 жағдай. Қазақстан аумағында коронавирус инфекциясын жұқтырған алғашқы науқас осыдан тура бір жыл бұрын, 2020 жылы 13 наурызда тіркелді. Бір қызығы, осы жылдың 10 наурызында сол кездегі Қазақстанның бас санитариялық дәрігері Жандарбек Бекшиннің «коронавирус біздің елде 11-16 наурыз аралығында «наконец-то» жетіп қалуы мүмкін» деген сөзі дөп келді

Коронавирус: Үрей құшағындағы бір жыл

Болжам 13 наурызда Германиядан Алматыға ұшып келген екі жолаушыдан анықталды. Экс-министр Елжан Біртанов «аса қатты уайымдайтын ештеңе жоқ» деген еді. Алайда...

Эпидемия енді басталғандағы билік пен медицина саласы басшыларының сол кездегі әрекетін жан-жақты ойластырылған деуге келмейді. Ол түсінуге де болатын шығар, себебі, біздің ел мұндай жағдайды алғаш рет бастан өткеріп отыр. Көп ұзамай COVID-19 Қазақстанның өзге аймақтарынан да тіркеле бастады. 13 наурызда Нұр-Сұлтан қаласынан, 20 наурызда - Қарағандыдан, 21 наурызда - Алматы облысының Қарасай ауданынан, 22 наурызда - Ақтөбе облысынан, 24 наурызда - Шымкент қаласы, Жамбыл және Солтүстік Қазақстан облыстарынан, 27 наурызда - Ақмола, Атырау, Павлодар және Маңғыстау облыстарынан, 28 наурызда - Шығыс Қазақстан және Қызылорда облыстарынан, 29 наурызда - Батыс Қазақстан облысынан, 31 наурыз күні - Түркістан облысынан анықталды. Наурыз айында індет тіркелмеген жалғыз облыс Қостанайдан коронавирус 3 сәуірде тіркелді.

Вирус анықтала салысымен, елдегі індеттің алдын алу мақсатында 2020 жылдың 16 наурызынан бастап Қазақстанда төтенше жағдай режимі енгізілді

Коронавирус: Үрей құшағындағы бір жыл

Нақтырақ айтсақ, Президент қабылдаған Қаулыға сәйкес, ел азаматтарының өмірі мен денсаулығын қорғау үшін Қазақстан Республикасының барлық аумағында 2020 жылғы 16 наурыздағы 08 сағат 00 минут пен 2020 жылғы 15 сәуірдегі 07 сағат 00 минут кезеңі аралығында төтенше жағдай жарияланған еді.

Наурыз айының соңына қарай Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларының тұрғындарына үйден шығуға тыйым салынды. Тек азық-түлік және дәріханаға баруға рұқсат берілді.

Сәуір. 3402 жағдай. Сол кездегі министр Біртановтың «вирус жұқтырғандар саны әрі кетсе, 3,5 мыңнан аспайды» дегені бекер болды. Себебі, сәуір айында-ақ, коронавирус үш мыңның үстіне шықты. Әр науқасты аман алып қалу жолында бар күшін салған медицина қызметкерлері де бірінен соң бірі вирус жұқтырып жатты. Сол кездегі ҚР мемлекеттік бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова эпидемия басталғаннан сәуір айындағы дерек бойынша, 120 медицина қызметкерінен коронавирус инфекциясы анықталғанын жеткізді. Осы орайда Үкімет басшысы медицина қызметкерлерінің денсаулығы мен өмірін сақтандыруды қамтамасыз етуді тапсырды. Тиісінше, медицина қызметкері коронавирустық инфекциямен ауырған жағдайда, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан бөлінетін бір реттік әлеуметтік төлем көлемі 2 млн теңгені, ал көз жұмған жағдайда 10 млн теңгені құрайтыны белгілі болды.

Коронавирус: Үрей құшағындағы бір жыл

Коронавируспен күрес жолында Алматы маңында 100 төсек-орынға шақталған әскери госпиталь 72 сағатта салынып кетті. Тағы бір ұқсас жағдай - «BI Group» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рахымбаев коронавирус жұқтырған науқастарға арналған инфекциялық аурухананы 13 күн ішінде салып бітірді. Нұр-Сұлтан қаласындағы жұқпалы аурулар орталығы 200 орынға арналған.

Коронавирус: Үрей құшағындағы бір жыл

Қарапайым маскаға деген тапшылық та осы кезде басталды. 30 теңгелік маска алыпсатарлардың қолына түскен соң 6 есе артық бағамен сатылды. Министр «маска төңірегінде орынсыз дүрлігіп, ажиотаж туғызудың қажеті жоқ» десе де, елдің әр түкпірінен маска тапшылығы турасында ақпарат тарап жатты. Маска ғана емес алғашқы айларда иммунтитет көтеретін дәрумендер, қызуды түcіретін дәрі-дәрмек түрлері, aнтиcептик, ПТР-теcт және өкпені жacaнды желдету aппaрaттaрының тaпшылығы бacтaлды.

Сәуір айында медицина саласындағы жағымды жаңалықтардың бірі - Қазақстанда COVID-19-ды анықтауға арналған тест-жүйелері әзірленді әзірленді. Бұл жұмысты Масғұт Айқымбаев атындағы Аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығы мен Білім және ғылым министрлігіне қарасты Ұлттық биотехнология орталығы бастады. Ал биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты Ұлттық биотехнология орталығымен бірлесіп, коронавирус инфекциясына қарсы вакцина әзірлеуге кірісіп кетті.

Коронавирус: Үрей құшағындағы бір жыл

Мамыр. 10 858 жағдай. Сырқаттанғандар санының күрт өсуі мамыр айында байқалды. Себебі, 1 мамырдан бастап елде карантин жеңілдетілген режимге ауысқан болатын. Адамдарға далаға шығуға рұқсат беріліп, біртіндеп дүкендер, сұлулық салондары мен кафе-мейрамханалар ашылды.

Маусым. 21 819 жағдай. Маусымдағы негізгі жаңалық экс-министр Елжан Біртановтың індет жұқтыруы болды. Көп ұзамай Біртанов орнын босатып, орнына су жаңа министр Алексей Цой келді. Бір қызығы, экс-министрдің соңынан вице-министр Людмила Бюрабекова да өз еркімен қызметтен кетті. Сонымен қатар, ҚР Премьер-министрінің келісімі бойынша Берік Шәріпұлы «СК-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы қызметінен, ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 10 шілдедегі бұйрығымен берілген өтініш негізінде Айбатыр Жұмағұлов «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарма төрағасы қызметінен босатылды.

2020 жылдың жаз мезгілінде дене қызуын төмендететін, вирусқа қарсы дәрілік заттардың тапшылығына байланысты ажиотаж туындады. Халық жайшылықта дәріханаларда самсап тұратын парацетамолға зар болды, кейбір медициналық мекемелер дене қызуын өлшеуіш құрал (градусник) таппай қиналды. Кейін сол кездегі ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова парацетамолдың нарыққа келіп түскенін, елдің барлық өңірі дәрімен қамтамасыз етілетінін жеткізді.

Коронавирус: Үрей құшағындағы бір жыл

Шілде. 89 078 жағдай. Карантин уақытында қажетті дәрі-дәрмектердің жетіспеушілігін пайдаланып, жоғары сұранысқа ие болған респираторлық вирустық ауруларды емдеуге арналған дәрі-дәрмектерді жоғары бағамен сатқан дәріхана қызметкерлері мен азаматтар еліміздің барлық өңірінде анықталды. Кәсіпкерлердің дәрі-дәрмектерді «сөреден» сатып алып, фискалдық чектерді шығармай сату деректері тіркелді. Салдарынан адамдар қажетті дәріні қымбат бағаға алуға мәжбүр болған.

Эпидемия басталған алғашқы айларда ПТР де, өкпені жасанды желдету (ӨЖЖ-ИВЛ) аппараттары бойынша да мәселе туындаған еді. Халық ақша жинап, Түркия, Қытайдан оттегі консентраторларын алып жатты. Шілдеде Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Айжан Есмағамбетова әрбір адамды маска тағып жүруге міндеттеді. Ал коронавирустық инфекцияның пайда болуы мен таралуының алдын алу мақсатында денсаулық сақтау министрлігіне жалпы сомасы 114 миллиард 826 миллион теңге бөлінген.

Коронавирус: Үрей құшағындағы бір жыл

Тамыз. 105 795 жағдай. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қоғамдық орындарда маска тағуды міндеттейтін бұйрыққа өзгеріс енгізді. Ол өзгеріске сай 5 жасқа дейінгі балалардың маскасыз жүруіне рұқсат берілді. Мамыр айында ДДСҰ басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус бүкіл дәрігерлерді балалар шалдыға бастаған коронавируспен байланысты синдром туралы мәлімет жинап, бақылауда ұстауға шақырды. Еуропа мен Солтүстік Америкада мультижүйелі қабыну жағдайымен ауруханаға түскен балалар дертінің кейбір белгілері Кавасаки синдромымен сәйкес келуі және коронавирустың қатысы болуы мүмкін екені хабарланды. Ал Қазақстанда бұл синдромның алғашқы жағдайлары тамыз айында тіркелді.

Қыркүйек. 107 908 жағдай. Коронавирустың екінші толқыны болатыны жайлы әңгіме жаз айларындағы дүмпуден кейін айтыла бастады. Тіпті, сол кездегі ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов еліміздің денсаулық сақтау жүйесі екніші толқынға тас-түйін дайын екенін жеткізді. ҚР БҒМ Ғылым комитетінің Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтында әзірленген коронавирус инфекциясына қарсы QazCovid-in вакцинасын клиникалық зерттеу жұмыстары қыркүйек айында басталды.

Коронавирус: Үрей құшағындағы бір жыл

Қазан. 111 953 жағдай. Елімізде алғаш рет тамыз айында тіркелген Кавасаки синдромын жұқтырған балалар саны қазан айында 45-ке жетті. Сонымен қатар, елдегі коронавирустық инфекция мен пневмония бойынша эпидемиологиялық жағдайдың тұрақталғанына қарамастан, бұл айда карантиндік шаралар күткен нәтиже бермеді. Науқастар саны қайта өсе бастады.

наукас.jpeg

Қараша. 131 659 жағдай. Коронавирустың екінші толқынына дайындық мақсатында Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі бағаларға талдау жүргізу және зертханалық қызметтер мен жеке қорғаныс құралдарының бағалық саясатына мониторинг жүргізді. Нәтижесінде ПТР-тест бағасы 36 нарық субъектісімен ашық сауда-өткізу саясатын көздейтін монополияға қарсы комплаенс жасау арқылы 18 000-нан 9 000-ға дейін төмендетілді. Сондай-ақ, медициналық маскалардың бағасын өндірушілер орта есеппен 21 теңгеге дейін төмендетті.

пцр алу.jpg

Желтоқсан. 154 720 жағдай. Денсаулық сақтау министрлігі 2020 жылдың 19 желтоқсанында QazCovid-in вакцинасын клиникалық зерттеулердің ІІІ кезеңін өткізуге рұқсат берген болатын. Бұл вакцинаның COVID-19-ға қарсы белсенділігін клиникалық зерттеудің III кезеңі 180 күн өткізіледі. 11 қаңтар күні еріктілерді қабылдау аяқталып, 3000 адам вакцинацияланды. Желтоқсан айында отандық вакцинаны билік басындағы бірқатар адам салдырды. Олардың қатарында ҚР Мемлекет басшысының көмекшісі Ерлан Қарин, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов бар.

вакцина снова.jpeg

Қаңтар. 186 711 жағдай. Назарбаев университетінің түлегі, ғалым және кәсіпкер Болат Сұлтанқұлов үйде пайдалануға болатын синтетикалық наноденелер негізінде коронавирусты 15 минут ішінде анықтай алатын жедел тест әзірлеп шықты. Тест жолағы жүктілікті анықтайтын тестке немесе антиденелердің стандартты экспресс-тестіне ұқсайды, бірақ оның басты айырмашылығы – тест антиденелерді емес, вирустың өзін, дәлірек айтқанда, оның RBD деп аталатын бөлігін анықтап береді.

ноно.jpg

Ақпан. 212 809 жағдай. Ақпан айы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына орай Қазақстанда коронавирус инфекциясына қарсы вакцинациялау науқанымен басталды. Екпені алғашқылардың бірі болып Денсаулық сақтау вице-министрі – ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ерлан Қиясов пен Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният алды. Бірінші кезеңде Ресейде жасалған вакцина – «Sputnik V» сатып алынды. Аз уақыт ішінде «Sputnik V» вакцинасының өндірісі Қарағанды ​​фармацевтикалық кешені негізінде локализацияланды. Оған өнімдерді жеткізу бекітілген кесте бойынша биыл 24 ақпанда басталды. Сондай-ақ биыл сәуір айында Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты жасаған отандық өндірісте шығарылатын «QazCovid-in» вакцинасын қолдану жоспарланып отыр.

спутник1.jpg

Бұл айдағы тағы бір жаңалық – Бас мемлекеттік санитариялық дәрігер Ерлан Қиясов Нұр-Сұлтан, Алматы және Қарағанды қалаларында кәсіпкерлік объектілерде «Ashyq» мобильді қосымшасын енгізу бойынша пилотты жүргізу туралы қаулы қабылдады. «Ashyq» қосымшасын пайдалану бизнес қауымдастық өкілдері үшін бірқатар маңызды артықшылықтарды ұсынады. Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласы «қызыл» аймақта болған жағдайда осы мобильді қосымшаны пайдаланатын объектілер «сары» аймақтың жұмыс режиміне сәйкес жұмыс істейтін болады. Егер қала «сары аймаққа» ауысса, онда кәсіпкерлік нысандары «жасыл» аймақтың кестесі бойынша жұмыс істейді.

ашык.jpg

Наурыздың 13-сі. 222 671 жағдай. 2021 жылдың 11 нaурызындa Мемлекет басшысы Қacым-Жoмaрт Тoқaев үрей құшағындағы бір жыл туралы өзінің Twitter әлеуметтік желіcіндегі пaрaқшacындa «Бір жыл бұрын ДДCҰ пaндемияның бacтaлғaнын жaриялaды. Coдaн бері Қaзaқcтaн бүкіл әлеммен бірге көптеген қиындықты бacтaн өткерді. Мемлекет aзaмaттaрдың өмірі мен денcaулығын қoрғaу үшін пәрменді шaрaлaр қaбылдaды. Төтенше жaғдaй кезінде тaбыccыз қaлғaн тұрғындaрғa қaржылaй және бacқa дa көмек берілді. Біз береке-бірлік пен өзaрa қoлдaудың aрқacындa өршіген індетті еңcердік. Бірaқ дерттің қaтері әлі де cейілген жoқ. Вируcты вaкцинaция aрқылы ғaнa түбегейлі aуыздықтaй aлaмыз. Бaршa oтaндacтарымды aуырып ем іздегенше, aуырмaйтын жoл іздеуге шaқырaмын» деп жaзды.

волонтер1.jpg

Түйін. Осылайша, үрейге толы бір жыл да өтті. Коронавирус медицина саласында әлі де жолға қойылмаған мәселе баршылық екенін тайға таңба басқандай көрсетіп берді. Бір жыл ішінде талай жұмыс атқарылды, олқылықтардың орны толды. Дегенмен, медицина кемшілікті көтермейтін сала. Ал індетті еңсеру – міндет.



Өзгелердің жаңалығы