Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Хопкинс Университетінің мәліметтеріне сүйенсек, Ұлыбритания коронавирустан қайтыс болғандар саны бойынша әлемде екінші ел болды. Осы көрсеткіш бойынша Италия көш бастап тұр.
Ұйымның мәліметтері бойынша, Италияда коронавирустан 27 682 адам көз жұмған. Ұлыбританияда індет басталғаннан бері 26 097 пациент қайтыс болған. Үшінші орында тұрған Испанияда 24 275 адам індет құрбаны болған. Бұдан әрі тізімді Франция жалғастырады. Бұл мемлекетте 24 087 науқас көз жұмған. Бесінші орында Нью-Йорк жалғастырады, бұл тұтас елдермен "бәсекелес" жалғыз қала. Мұнда 18 076 адам қайтыс болған. Кеше мұнда COVID-19-дан көз жұмған ондаған адамның денелері бар жүк көліктері табылған.
Коронавирусты жұқтырғандардың саны бойынша АҚШ бұрынғысынша көш бастап тұр. Бір миллионнан астам адам індетпен күресуде. Дегенмен, ел президенті Дональд Трамп пандемияға байланысты шектеулерді алып тастауға асығуда. Бұл мәселеде оны SpaceX және Tesla компанияларының негізін қалаушы Элон Маск қолдап отыр. Айта кеткен жөн, елде карантин алынғаннан кейін COVID-19 ауырып жатқан науқастар саны күрт өскен.