Коронавирус: ауру тараған елдерде тур ұйымдастыру тоқтатылды

23 Ақпан 2020, 09:40
1811
Бөлісу:
Коронавирус: ауру тараған елдерде тур ұйымдастыру тоқтатылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматыда коронавирус таралуының алдын алу мақсатында қауіпті аймақтардан келген барлық адамға күшейтілген бақылау жүргізілуде.

Бүгінде коронавирусты инфекция ҚХР-дан басқа 26 елде тіркелген. Биыл ақпан айынан бастап, Алматы қаласының әуежайына келетін барлық халықаралық рейске күшейтілген санитариялық-карантиндік бақылау жүргізілуде. 

Қазіргі коронавирус тіркелген елдерге тур ұйымдастыратын туроператорлардың қызметі тоқтатылды.

Коронавирусты жұқтыру жағдайлары Сингапур, Жапония, Оңтүстік Корея, Таиланд, Малайзия, Вьетнам, Германия, Австралия, АҚШ, Франция, Ұлыбритания, БАӘ, Канада, Үндістан, Филиппин, Италия, Испания, Иран, Ресей, Финляндия, Непал, Камбоджа, Шри-Ланка, Швеция, Бельгия, Египет сынды елдерде анықталды.

Алматы қаласы Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айзат Молдағасымова атап өткендей, алдын алу шараларына баса назар аудару қажет. Тұмау мен ЖРВИ-мен сырқаттанудың өршіп тұрған кезеңін, сондай-ақ бірқатар шет елде коронавирус ауруларының артуын ескере отырып, тұрғындарға вирустық аурулардың алдын алу шараларын сақтау және адам көп жиналатын жерден аулақ болу ұсынылады, - делінген таратылған ақпаратта.

Алматыда коронавирус тіркелген жоқ. Алматы қаласы әкімінің орынбасары Е. Бабақұмаровтың төрағалығымен коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу жөніндегі Өңірлік штаб әуежай аумағындағы өткізу пункттерінде, темір жол стансаларында, автокөлік өткелдерінде лауазымды тұлғалардың өзара іс-қимыл алгоритімінің сақталуына бақылау жүргізуде. 

Шаһарда медициналық құралдар, оның ішінде бетперделер қоры жеткілікті. 

Коронавирусқа қатысты сұрақтар туындаған жағдайда 1406 нөмірі бойынша хабарласуға болады.

Өзгелердің жаңалығы