Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында "Коронавирустық инфекциямен күрестегі өзекті сұрақтар" тақырыбында өткен онлайн брифинг барысында ҚР денсаулық сақтау министрі Алексей Цой коронавирус инфекциясынан болған өлім-жітім оқиғаларының санын апта сайын жариялау жүйесіне неге көшуге тура келетінін түсіндірді.
Мұндай шешім комиссия сырқаттанғандар туралы ақпарат көлемін өңдеп үлгермеуіне байланысты қабылданды. Егер бұрын күніне бір-екі ғана өлім оқиғасы тіркелген болса, қазір мұндай жағдайлардың саны көбейді. Ал пациенттің өліміне алып келген себеп коронавирус па, әлде созылмалы ауру салдарынан болды ма, мұны комиссия анықтайды, - деді ол.
Министр сондай-ақ, өлім-жітім себептерін анықтау барысында комиссия мүшелерінің өздері де ауырып қалатын жайттар болатынын айтты. Оның мәлімдеуінше, бұл бағыттағы жұмыстарда осы себепті жеделдік азайған, алдағы күндері жұмыс күшейіп, тағы да мамандар тартылмақ.
Соңғы аптада елімізде 76 өлім оқиғасы тіркелді және тағы 110 жағдай тексеріліп жатыр. Яғни, пациенттер қандай патологиядан көз жұмғанын комиссия тексеруде. Бізде бірде-бір жағдай жоғалмайды. Коронавирус және қосымша патологиямен қайтыс болған әрбір пациент есепте тұр. Қаза болғандардың дені егде жастағылар және бірнеше дерті бар азаматтар. Сондықтан комиссияның жұмысы күрделі, олар пациенттің өмір бойы қандай аурумен ауырғанын қарайды, - деп атап өтті министр.