Коронавирус. Сырқаттар саны бойынша АҚШ алғашқы орынға шықты

27 Наурыз 2020, 11:55
1281
Бөлісу:
Коронавирус. Сырқаттар саны бойынша АҚШ алғашқы орынға шықты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. АҚШ коронавирус жұқтырғандар саны бойынша әлемде бірінші орынға шықты. Worldometer сайтының дерегінше, 26 наурызда АҚШ-та науқастар саны 82 мыңнан асқан. 

Эпидемия басталған уақыттан бері мұнда 1177 адам коронавирустан қайтыс болған (Қытайда - 3287 адам). Бейсенбі күні бір күнде 10 мыңнан астам адамға вирус жұққаны белгілі болды. 24 сағат ішінде 150 адам көз жұмған.

Әсіресе Нью-Йорк штатында жағдай ауыр. Мұнда 37 мыңнан астам адамға вирус жұққан. Нью-Йорк губернаторы Эндрю Куомо вирус жұқтырғандар саны көп болғандықтан ауруханалар, медициналық мекемелер толып кетуі мүмкін деп мәлімдеді. Жағдайы ауыр науқастарға қолданылатын өкпені жасанды түрде желдететін аппарат жетпей қалуы ықтимал. Нью-Йорк және АҚШ-тың өзге штаттарында карантин жарияланды.

Конгрестің өкілдер палатасы 27 наурызда індет жағдайында экономика мен азаматтарды қолдау туралы заң жобасын мақұлдайды. Пакет құны 2 трлн доллар деп айтылды.

Өткен жылдың соңында Қытайда алғаш рет тіркелгелі бері әлемде коронавирус жұқтырғандар жарты миллионнан асты. АҚШ-тағы Джон Хопкинс университетінің дерегінше, 27 наурызда әлемде вирус жұқтырғандар 530 мыңнан асты. 24 мыңнан аса адам қаза болып, 120 мыңнан астам науқас дерттен айықты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Covid-19 коронавирусын "пандемия" деп жариялаған. Бүгінгі күні індет әлемнің 200-ден астам еліне таралды.

Естеріңізге сала кетейік, кеше елімізде коронавирус індетінен бір науқас қайтыс болған болатын. Ал қазіргі мәлімет бойынша вирус жұқтырған науқастар саны 120-дан асты.


Өзгелердің жаңалығы