Коронавирус қасіреті - азалы жыл

13 Шілде 2022, 12:43
3687
Бөлісу:
Коронавирус қасіреті - азалы жыл
Фото: BAQ.KZ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Былтыр дәл осы күн, яғни 13 шілде – елімізде коронавирустан қайтыс болғандарды ұлттық аза тұту күні болып белгіленгені белгілі. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қара жамылып отырған азаматтардың қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Сол үшін 13 шілдені – Ұлттық аза тұту күні деп жариялаймын» деп мәлімдеме жасап, үндеу жариялады. 

Расымен, тәжтажал талайды есеңгіретіп тастады. Ешкімге оңайға соқпаған дерт әлем экономикасын да тұралатып, дағдарысқа ұшыратты. Адамдардың тұрмысы төмендеп кетті. Қанша жерден вакцина ойлап таптық десе де, ғылым, әсіресе медицина саласы бұрын-соңды бетпе-бет келмеген дертпен қалай күресерлерін білмей естері шықты. 

Миллиондаған өлім

ДДСҰ ұсынған соңғы мәліметтерге сәйкес, коронавирус әлем бойынша 15 млн адамды ажал құштырды. Алайда ұйым сарапшылары шын мәнінде адам өлімі бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін екендігін, өйткені кейбір елдердің ресми статистикасы төмендетіп берілгенін алға тартты. Айтуынша, ковид салдарынан болған өлім-жітім ресми статистикадан үш есе артық! Себебі өлімді есептеуде мүмкіндіктер шектеулі дейді. 

Ал еліміздегі COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ВАК әлемде коронавирус инфекциясынан қайтыс болғандардың жалпы саны 6374 997 адамды құрайтынын айтты. 12 шілдедегі дерекке сүйенсек, бір күнде 1549 өлім дерегі тіркелген.  

Эпидемия. Инфляция. Қымбатшылық

Мұны қырық құбылған мұнай бағасынан бағамдамай-ақ, азық-түлік пен шаруашылыққа қажетті заттардың күн санап қымбаттап жатқанынан байқау қиын емес. Оның үстіне, әлем бойынща сауда-саттық саласы да тұралап, жұмыссыздық көбейе бастады. Дүние жүзін халқын вакцинациялау  50 млрд долларға бағаланды. Пандемияда халықты қаржыландыруға 12 трлн доллар жұмсалыпты. 

«Қаралы тізімде» көш бастадық

Қазақстан үшін де пандемия ауыр өтті. Ең өкініштісі, Орта Азияда бойынша «қаралы тізімде» көш бастап, ТОП-15-ке кірдік. Алапат індетпен арпалыста талай боздағымызды жоқтап қалдық. Коронавирус туралы ресми ақпарат тарататын арнайы сайт хабарлаған соңғы мәліметке сенсек, елде вирустан 13 663 адам ажал құшқан. Олардың арасында Қазақстанның дамуына үлес қосқан танымал тұлғалар да бар. 

Ұлт руханияты қара жамылды 

СOVID-19 дертімен ауруханаға түскен халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов 85 жасқа қараған шағында келместің кемесіне мінді. «Соңғы көш», «Дарабоз» авторының қазасы ұлт руханиятын ортайтып кетті. 

Белгілі жазушы, Жазушылар одағының мүшесі Жанат Ахмади де 77 жасында вирустан өмірден озды. 

2020 жылы 9 шілдеде Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, композитор Кеңес Дүйсекеев коронавирустан бақиға аттанды. 

2021 жылдың ақпанында белгілі ақын Шөмішбай Сариев  дүниеден озды. 

Ұлты үшін туған перзенттердің бірі, елдігіміздің нышаны – елтаңбаның авторы Шот-Аман Уәлиханов та былтыр 31 наурызда қайтыс болды. 

Белгілі дінтанушы, шығыстанушы, исламтанушы ғалым, бұрынғы бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі 74 жасында пневмониядан көз жұмды.   

Коронавирус қазақ журналистикасын есеңгіретті

Қазақ телевизиясының ардагері, 45 жыл телевизия саласында еңбек еткен Нұртілеу Иманғалиұлы да вирустың кесірінен 70 жасқа қараған шағында өмірден өтті.

Белгілі журналист Амангелді Сейітханның қазасы да халықты есеңгіретіп тастады. Спорт комментаторы екі апта індетпен күресіп, аурухана төсегінде коронавирустан қайтыс болды.

Қазақ журналистикасында өзіндік қолтаңбасы бар, «Жас Алаш» газетінің жауапты хатшысы болған Жолдасбек Дуанабай да вируспен күресте жеңілді. 

Әйгілі спорт комментаторы, тележурналист Диас Омаров та екі өкпесі қабынып, бақилық болды. 

Өнер әлемін ортайтқан дерт

Қараша қауымның қабырғасын қайыстырған қазаның бірі – әнші, композитор Ескендір Хасанғалиевтің қазасы. 81 жасында бірнеше апта бойы коронавируспен күрестен соң індеттен айыға алмаған күйі бақиға аттанды. 

72 жасында актриса Ғазиза Әбдінәбиева өмірден өтті. Көптеген отандық фильмдерде қазақ әйелі, анасы, әжесінің бейнесінде танылған әртіспен халық қимай қоштасты.

Ел арасында «Тақиялы періште» фильміндегі Тайлақтың рөлі арқылы танылған Әлімғазы Райымбековтің қазасына да коронавирус себеп болды.  

2020 жылы 5 шілде күні танымал актер әрі каскадер Мұрат Мұқашев вируспен бір аптадай күресіп, пневмониялан қайтыс болды. Ол көрерменге «Жасыл төбедегі менің үйім», «Всемогущий, «Макмация», «Марко Поло» картиналары арқылы таныс. 

Сол жылы 7 шілдеде белгілі дизайнер, модельер-конструктор Берік Ысмайылов та коронавирус құрбаны болды. Небәрі 51 жыл өмір сүрген сәнгер індет басталғанда қазақстандықтарға тегін бетперде тігіп таратқан еді. 

8 шілде күні театр және кино актері, «Терісқақпай» әзіл-сықақ театрының әртісі Дархан Дайырбектен айырылып қалдық. 

2 тамыз күні Қазақстанның грек-рим күресінен тұңғыш Олимпиада чемпионы, Әлем чемпионы Жақсылық Үшкемпіров вирусты жеңе алмай, дүниеден озғаны туралы суыт хабар жетті. 

«Азия дауысы» фестивалінің режиссері Александр Пономарев пен аталған байқаудың негізін қалаған Мұрат Ерғалиев те – коронавирустың құрбандары.

Дәрігерлер де ажал құшты

Жұқпалы вирус дерттен емдеп, ажалға арашашы болатын ақ халаттыларды да аямады. Ақтөбедегі облыстық инфекциялық аурухананың бас дәрігері Қалихан Қозыбағаров пневмониядан көз жұмды. Қайтыс болар алдында дәрігердің екі өкпесі қабынған. 

Сондай-алғы шепте жүріп, вируспен арпалысқан дәрігерлердің бірі – Алматы облысының бас санитар дәрігері Қайрат Баймұхамбетов те тәжтажалдан көз жұмды.  

Коронавирус 32 жылын медицина саласына арнаған білікті дәрігер, Әбіш Кекілбаевтың асыл жары Клара Жұмабаеваны да алып кетті.  

Жалғастыра берсек, қаралы тізім толыға берері сөзсіз. Есімі аталмаған, елеусіз қалған қарапайым халық қаншама! Жүз жылда бір орын алады делінген бұл пандемия екінші дүниежүзілік соғыстан кейін орын алған ең ауыр нәубет болғаны айтпаса да түсінікті. 

Қанша жерден халқы вакцинацияланса да, соңғы күндері бүкіл әлемде коронавирус қайта өршіп келе жатқаны туралы ақпараттар тарауда. Жиі мутацияға ұшырайтын жойқын вирус бара-бара «жай тұмауға» айналса екен деген де дәме жоқ емес. 

Биыл бюджеттен коронавирус күреске 86 млрд теңге қарастырылған. Оның 9 млрд теңгесі Vero Cell мен QazVac екпелерін алуға, 20 млрд-ы – былтыр алынған Pfizer вакцинасының ақысын төлеуге арналған. Ал 2020 жылы қазынадан осы мақсатқа 252 млрд теңге жұмсалыпты. Былтыр 556 млрд теңге бөлінген. 

Қазынадан миллиардтар бөлініп, вакцинаның түр-түрін толассыз сатып алып жатқан Үкімет қарап қалмас деген үкілі үміт басым.

Халықты жұбатуға сөз таппаған сол бір ауыр кезең келмеске кетсін деп тілейміз!

Өзгелердің жаңалығы