Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Олар облыс орталығында дайындалған обсервациялық бөлімге 14 күнге жатқызылуда, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында Павлодар облысының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Сәдуақас Байғабылов мәлім етті.
Наурыз айының 4-і күні түнде Дубайдан Нұр-Сұлтан қаласына қонған самолеттің бортында Павлодар облысының 5 тұрғыны түсті. Ол бортта Қытай елінің азаматы болғандықтан еліміздің бас санитарлық дәрігерінің шешімімен олар бақылауға алынатын болды. Қазіргі кезде медициналық қызметтердің көмегімен 5 адамды изоляциялау жұмыстары жүріп жатыр, – деді Сәдуақас Байғабылов.
Сонымен қатар сол 5 тұрғынмен байланыста болған тағы 5 адам үйлерінде бақылауға алынды. Оның ішінде 2 бала бар.
Дубайда бұл 5 азамат демалып келген. 5 адамның екеуі – ерлі-зайыпты, екеуі – әпкелі-сіңлілі азаматшалар және біреуі өзі жалғыз барған адам. Үшеуі – Ақсу қаласының, екеуі – Павлодар қаласының тұрғыны. Бізге олар Нұр-Сұлтан қаласына түскені жөнінде хабар келді. Біз олардың мекенжайлары бойынша тауып алдық. Қазіргі уақытта елордамыздан Павлодарға немен жеткені анықталуда. Келгеннен бері олармен байланысқа түскен отбасыларындағы тағы 5 адам үйлерінде бақылауға алынды, – деді Сәдуақас Байғабылов.
Сәдуақас Байғабылов қазіргі уақытта облысымызда коронавирус инфекциясы бойынша жағдай тұрақты екенін айтты. Бақылауға алынған адамдарда ыстық шығу немесе жөтелу белгісі жоқ.
Өңірімізде барлық жағдай бақылауда. Бұл адамдар аталған инфекцияға қатысты жағай тұрақты емес елден келгеннен кейін бақылауға алынуда. Оларда дене температурасының көтерілгені немесе жөтелу бойынша еш белгі жоқ. Егер ауру жұққаны туралы күдік туса онда ол адам облыстық балалар ауруханасының жұқпалы аурулар стационарындағы арнайы боксқа жатқызылады. Өңірімізде инфекцияны анықтауға керекті құрал-жабдықтар, зертханалар, арнайы тесттер барлығы жеткілікті, – деді департамент басшысы.
Айта кетейік, Дубайдан келген Павлодар облысы тұрғындарының үлкені – 54 жаста болса, кішісі – 21 жаста.