Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Нұр-Сұлтанда коронавирус жұқтырған 28 науқастың ішінде төрт айлық сәбиде бар екен. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова айтты.
2020 жылдың 20 наурызында тіркелген жаңа үш науқас бір отбасыдан. Екеуі ересек адам болса, біреуі төрт айлық сәби. Бұл адамдар біздің ауруханада 19 наурыздан бастап жатыр. Олар Париж-Минск-Нұр-Сұлтан рейсінен түсіріліп, ауруханаға жеткізілген, - деді Сәуле Кисикова.Бұл отбасы 9 - 20 наурыз аралығында Францияда демалыста болды. Сондықтан Қазақстанға келгенде олар дереу ауруханаға жатқызылды.
Осы үш науқаспен байланыста болғандарды анықтау басталды. Осы ұшақтың бортында 73 жолаушы болған. Сол борттан осы үш адам ауруханаға жеткізілді және оның ішінде 7 адаммен жақын байланыста болғаны анықталып отыр. Ал қалған 63 жолаушы үй карантиніне жатқызылды. Жетіншісін жеткізетін боламыз, - деді басқарма басшысы.
Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтанда коронавирустық инфекцияның 28 жағдайы расталды. Қисықованың айтуынша, дәрігерлер олардың жағдайын қанағаттанарлық деп бағалайды. Ешқайсысының температурасы көтерілмеген. Емдеу диагноз бойынша және емдеу хаттамасына сәйкес жүргізіледі.