Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан бойынша 13 сәуір күні тіркелген коронавирус індетін жұқтырушылар жайлы мәліметтер. Бұл туралы коронавирус індетінің еліміздегі ресми ақпарат көзі хабарлады.
Түркістан облысы тіркелген 7 жағдай бойынша
Коронавирустық инфекция 1965, 1987, 1989, 1998, 2004 және 2010 жылғы бір отбасы мүшелерінен табылды. Сонымен қатар, Бәйдібек ауданы Мыңбұлақ ауылының 1987 жылы туылған тұрғыны COVID-19 науқастарымен жақын байланыста болған. Қазіргі уақытта емделушілер оқшауланып, ем алады. Науқастармен байланыста болған азаматтарды анықтау және оқшаулау бойынша шаралар қабылдануда - делінген хабарламада.
Батыс Қазақстан облысында тіркелген 1 жағдай бойынша
49 жастағы науқас, провизорлық стационарда медбике болып жұмыс істейді. Қаулыға сәйкес COVID-19 жұқтыру қаупі жоғары медициналық қызметкер ретінде тексеру кезінде анықталды. ПТР диагностикалық зерттеу нәтижелері бойынша COVID-19 диагнозы қойылған. Қазіргі уақытта науқас облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды. Бекітілген хаттамаға сәйкес емдеу басталды - дейді мамандар.
Қарағанды облысында тіркелген 11 жағдай бойынша
13 сәуірде коронавирусты жұқтырудың 11 жағдайы анықталды. Бұл бұрын COVID-19 науқастарымен байланыста болған адамдар және пульмонологиялық госпитальдің бір пациенті. Қазір барлығы індетке қарсы қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, бокстарға оқшауланып, емдеу курсынан өтуде - деп хабарлады ресми ақпарат көзі.