Коронавирус: Медицина қызметкерлеріне наурыз айы бойынша үстемақылары толық төленді

23 Сәуір 2020, 17:11
1911
Бөлісу:
Коронавирус: Медицина қызметкерлеріне наурыз айы бойынша үстемақылары толық төленді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Коронавируспен күресіп жатқан 17 425 медицина қызметкеріне наурыз айы үшін 3 миллиард 371 миллион теңге үстемақы төленді. Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов айтты.

Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес, медициналық қызметкерлердің үстемақысы тәуекел топтарына байланысты үш топқа бөлінді. Үстемақы алушылардың тізімдерін өңірлік комиссиялардың жедел штабтары жасақтады. Олардың төрағалары болып өңірлер әкімдерінің орынбасарлары тағайындалды. Комиссиялардың құрамына денсаулық сақтау басқармаларының, өңірлік, бас мемлекеттік санитарлық дәрігер, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері кірді. Үстемақы республикалық бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі, - дейді Айбатыр Жұмағұлов.
Жалпы коронавируспен күреске жұмылдырылған медицина қызметкерлеріне үстемеақы төлеу үшін 35 миллиард 700 миллион теңге бөлінген. Осы ақшаның наурыз айында 17 425 медицина қызметкеріне 3 миллиард 371 миллион теңгесі төленді. Ең үлкен сома Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларының медицина қызметкерлеріне (шамамен 1,9 млрд теңге) берілген.
Үстемақы ең көп үшінші, яғни "қауіптілігі орташа" санаттағы дәрігерлерге берілді. Шамамен, 9 мың медицина қызметкеріне 846 миллион теңге төленді. Екінші тәуекел тобы бойынша, яғни "қауіптілігі жоғары" санаттағы дәрігерлерге 1,8 миллиард теңге аударылды (7 мыңдай қызметкер). Ал бірінші санаттағы, яғни "қауіптілігі аса жоғары" санаттағы 1 400 дәрігерге 717 миллион теңге берілді. Сонымен қатар, алғашқы медициналық-санитарлық көмек немесе емхана қызметкерлері де ынталандырылды. Емханаларда істейтін 2,5 мың қызметкерге 185 миллион теңге аударылды. Ал жедел жәрдем бригадаларында жұмыс істейтін шамамен төрт мыңдай адамға 1,2 миллиард теңге берілді, - дейді басқарма төрағасы.
ӘМСҚ басшысы сәуір айындағы болжамға сәйкес көтермеленетін медицина қызметкерлерінің саны екі есеге артатынын атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы