Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Италияда бір тәулікте коронавирус жұқтырған 1 мың адам анықталды. Бұл елдегі карантин шараларын жеңілдеткеннен кейінгі ең жоғары көрсеткіш. Соңғы рет бұндай көрсеткіштер мамыр айында тіркелген екен.
Сарапшылардың пікірінше, бұл жазғы демалыс уақытына дәл келумен байланысты. Жаз айларында жаппай демалып жатқан тұрғындар коронавирустың алдын алу шараларына аз көңіл бөле бастаған. Жағажайларда адамдардың көпшілігі маскалық режимді сақтамаған, дәл осындай жағдай кафе, дәмхана, мейрамханаларда байқалған. Италия үкіметі індет жұқтырғандардың орташа жасы 60-тан 30-ға дейін айтарлықтай төмендегенін мәлімдеді, - делінген euronews ақпаратында.
Ұлыбританияда да жағдай мәз емес. Онда бір тәулікте 1200 науқас тіркелген. Манчестердің бірқатар ауданында ерекше санитарлық режим енгізілді. Себебі, бұл жерде коронавирустың жаңа ошағы анықталған. Жергілікті тұрғындарға 20 адамнан асатын мерекелік шараларға қатысуға тыйым салынды. Қоғамдық көлікке отырмауға кеңес берілді.