Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Желі белсенділері вирус таралуының алдын алуға байланысты үйде оқшауланып отырған көпшілікке уақытты қалай тиімді өткізуге болатыны жайлы кеңестер беруде.
Қытайдың Ухань қаласынан бастау алған індет бүкіл әлемді алаңдатып отыр. Бүгінде әлемнің 150-ге тарта мемлекеті мен үлкенді-кішілі қалаларының құтын қашырған дертке шалдығушылар саны сағат санап өсіп отыр. Осы орайда Самира Валиева есімді әлеуметтік желі белсендісі #сидидома, #stayhome хештегі бойынша видеоүндеу жариялаған болатын.
Қоғамға пайдамызды тигізіп, індеттің таралмауына әрекет етейік, - деп басталатын үндеуінде Самира сабырға келіп, үйде сүйікті іспен айналысуға шақырған.
Достар, сіздерге маңызды ұсынысым бар. Карантин кезінде ешқайда шықпай, тек үйде болуды ұсынамын. Көптен жоспарлап жүрген кітабыңызды оқуға кеңес беремін және қорқынышқа бой алдырмауды сұраймын, - деп жазба қалдырды Facebook-те Maria Magdalene есімді желі қолданушысы.
Көп ұзамай видеоүндеу қолдау тауып, басқа да желі қолданушылары індетті бірге жеңуге, таралмауына үлес қосуға үндейтін видеороликтер таратып, кеңестерімен бөлісуде.