2026 жылдың басынан бері Қазақстанда коронавирустық инфекцияның (КВИ) небәрі 5 жағдайы тіркелді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда сырқаттанушылықтың 17,2 есе азайғанын көрсетеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Статистика не дейді?
Мамандардың мәліметінше, қазіргі уақытта елімізде инфекциядан өлім-жітім жағдайлары мүлдем тіркелген жоқ. Бұл вирус белсенділігінің айтарлықтай төмендегенін және ұжымдық иммунитеттің қалыптасқанын дәлелдейді.
Қай штамм басым?
Денсаулық сақтау органдары жүргізген соңғы мониторингке сәйкес, Қазақстан аумағында Омикронның жаңа қосалқы нұсқалары айналымда жүр. Олардың үлесі келесідей бөлінген:
- XFG.3 нұсқасы — 75%;
- XFG.3.1 нұсқасы — 12,5%;
- XFG.6 нұсқасы — 12,5%.
Мамандардың қорытындысы
Мамандардың айтуынша, XFG желісінің айналымы Омикронның бұрынғы нұсқаларымен салыстырғанда халық денсаулығына қосымша қауіп төндірмейді. Вирустың бұл түрлері жеңіл өтеді және ауыр асқынулар тудырмайды.