Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты Ұлттық биотехнология орталығымен бірлесіп, коронавирус инфекциясына қарсы вакцина әзірлеуге кірісті, деп хабарлады coronavirus2020.kz.
Оқи отырыңыз:
Институтта барлығы 4 кандидаттық вакцина әзірлеуді жоспарлап отыр. Оның ішінде 2-і векторлық және вирустың S-ақуызының фрагменттері негізінде 2-і суббірліктік. Клиникаға дейінгі және клиникалық сынақтардан кейін олардың ішінен ең тиімді және қауіпсізі таңдалып алынады. Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары биологиялық қауіпсіздігі 3-деңгейлі BSL-3 зертханаларында нақты SARS-CoV-2 коронавирус штаммдарымен жұмыс атқаруда, - делінген ақпаратта.
Вакцинаны әзірлеу тәулік бойы жүргізілуде.
Институт - Қазақстан Республикасындағы медициналық иммунобиологиялық препараттарды дайындау, сынау және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде тіркеудің отандық технологияларын әзірлеу жөніндегі міндеттерді шешетін жалғыз мемлекеттік ұйым. Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты ДДСҰ денсаулық сақтау саласына арналған аса қауіпті инфекцияларға қарсы вакциналарды әзірлеу жөнінде шарт жасасқан, - делінген хабарламада.