Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев арнайы брифинг өткізіп, науқастардың жағдайына байланысты түсінік берді.
Оның айтуынша, қазір Алматыда коронавирустық инфекцияны жұқтырудың расталған 82 жағдайы тіркелген. Оның ішінде жеті адам стационардан емделіп, 14 күндік карантинге жазылып шыққан. Олардың қатарында: төрт ер адам, екі әйел және бір бала бар.Бүгінгі күні қалалық жұқпалы аурулар ауруханаларында барлығы 76 пациент коронавирустан емделіп жатыр, оның ішінде 2-і бала. Емдеуге жатқызылғандардың бірі Алматы облысының тұрғыны. Ол 1971 жылы туған, ЖРВИ белгілерімен жағдайы нашарлаған әйел Алматы көпбейінді клиникалық ауруханасына жүгінген. Оған белгілі бір зерттеулер жүргізілді, нәтижесінде екі жақты төменгі дәрежелі пневмония анықталды, COVID 2019-ға талдаулар алынды. Нәтижесі расталды. 30-ы күні ол біздің қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына емдеуге жатқызылды,-деді ол.
Сондай-ақ, ол 66 науқастың жай-күйі қанағаттанарлық екенін айтты. 1 ересек науқастың жай-күйі ауыр жағдайда қалып отыр, 9 ересек адамда ауырлық дәрежесі орташа көрінеді.
Екі жасар баланың жай-күйі жақсарды, бүгінгі күні қанағаттанарлық жағдайда. Бүгін соңғы талдауларын күтудеміз, егер олар теріс нәтиже берсе, онда ауруханадан шығаруға дайынбыз. Жаңадан анықталған тоғыз адамның барлығы басқа жақтан келген адамдар. 30 наурызда Ыстамбұл-Алматы рейсімен бес адам ұшып келді. Алтыншы пациент 29 наурызда Минск-Алматы рейсімен және осы айдың әр күндері Дубайдан үш адам ұшып келді, - деді Әбілдаев.
Алматыдағы провизорлық орталықтарда 697 адам карантинде жатыр екен, оның ішінде 84 бала, екі күндік карантинде 1029 азамат және 3156 адам үй карантинінде жатыр.