Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада коронавирус жұқтырған 10 адам аурухандан шығарылады.Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова айтты.
Қаладағы жұқпалы және карантиндік ауруханаларда 1406 адам, оның ішінде 105 бала жатыр. Бүгінгі таңда елордада коронавирус жұқтырған 117 науқас тіркелді. Олардың екеуі жазылып, ауруханадан босатылды.
27 наурызда 15 науқас тіркелсе, 28 наурызда тағы 39 адам науқас қосылды. Оның ішінде 41-і бұрын жұқтырғандармен байланыста болғандар. Олар оқшауландырылды және тұрақты бақылауда. Мониторинг барысында алтауы анықталды.Оның ішінде біреуі эпидемиялық жағдайы қолайсыз елден келсе, бесеуі науқастармен байланыста болғандар. Қазіргі уақытта CVI расталған барлық азаматтар ауруханаға жатқызылды. Олардың байланыс телефондарын анықтау жұмыстары басталды және жалғасуда, - дейді Сәуле Қисықова.
Қазіргі уақытта қалалық станционарда жатқан коронавирус жұқтырған адамдар ішінде екеуі тұрақты ауыр жағдайда жатыр екен.
Олар жасанды тыныс алу құрылғысымен жатыр. Дәрігерлер консилиумы құрылып, емдеу жолдары мен әдістерін енгізуде. Олар коронавирустық инфекция хаттамасы бойынша ем алуды жалғастырады. Қалған науқастардың жағдайы қанағаттанарлық. Олар да ем алып жатыр.Бүгін біз коронавирус инфекциясы расталған 10 науқасты стационардан шығаруды жоспарлап отырмыз. Олардың ешқандай шағымдары жоқ, жағдайлары тұрақты. Бұған дейін екі рет зертханалық тексерістен өтті. Енді екі апталық үй карантинінде болады, - деді басқарма басшысы.
Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 117 адам, Алматы қаласында – 58 адам, Қарағанды қаласында - 4, Жамбыл облысында -3 адам, Атырау облысы - 4 адам, Ақмола облысында - 5 адам, Шымкент қаласында - 2 адам, Шығыс Қазақстан облысында - 2 адам, Алматы облысында - 4 адам, Ақтөбе облысында - 1 адам, Солтүстік Қазақстан облысында - 1 адам, Павлодар облысында - 1 адам, Маңғыстау облысында - 1 адам, Қызылорда облысында - 1 адам, жалпы 204 науқас тіркелді.