Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 13 адам Қазақстанда жүріп қауіпті вирусты жұқтырған, 29 адам сырттан жеткізсе, 26-сы солармен ұшақта қарым- қатынаста болғандар. Бұл туралы ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев брифинг барысында айтты.
Оның айтуынша, коронавирус жұқтырғандардың 80 пайызында ауру симптомдары білінбеген немесе аздап жөтелу белгісі ғана болған.13 адам Қазақстанда жүріп қауіпті вирусты жұқтырған, 29 адам сырттан жеткізсе, 26-сы солармен ұшақта қарым-қатынаста болғандар,-деді министр журналистер жолдаған сұраққа жауап бере отырып.
Сондай-ақ ол, 27 наурыз күні Алматы қаласына 266 мың тест құралы жеткізілетінін айтты.
Алдымен олар кедендік бақылаудан өтеді, шамамен 29 наурызға қарай бірінші кезекше дәрігерлерге жөнелтіледі. Бұның бәрі тегін тест құралдары. Бүгінгі таңға дейін елімізде коронавирусқа қарсы 15 мыңнан аса тест жасалған. Қазір еліміздің барлық қаласына шеттен келген азаматтар тест тапсырады, - деді министр.
Сонымен қатар, ол шетелде коронавирус жұқтырған Қазақстан азматтарының жағдайын баяндады.
Германияда коронавирус жұқтырған Қазақстан азаматының жағдайы жақсарды. Ол ауруханадан шығарылды. Қазір неміс дәрігерлерінің бақылауында карантинде жатыр. Венгриядағы азаматымыздың жағдайы қанағаттанарлық. Ауруханада ем қабылдап жүр. Біздің дипломаттар онымен және дәрігерлерімен байланысып тұрады, - деді Дәурен Абаев.
Министр қауіпті індет өзге елдерге қарағанда бізге кеш келгенін, бұл коронавируспен күрескен елдердің тәжірибесін зерделеп, тиімді тұсын пайдалануға мүмкіндік беретінін айтты. Сондықтан Үкімет коронавиурвспен күресуге толық дайын.