Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылы жасаған шетелдік сапарлары Қазақстанның халықаралық аренадағы рөлін нығайтып, әртүрлі салаларда серіктестікті дамытуға бағытталды. Бұл сапарлар елдің сыртқы саясатының басым бағыттарын жүзеге асыруда маңызды қадам болды. BAQ.KZ тілшісі Мемлекет басшысының 2024 жылғы шетелдік сапарларына шолу жасады.
Президент биыл жұмыс сапарымен еліміздің 11 өңіріне барды. Аймақтардағы 60-тан аса өндірістік және әлеуметтік-мәдени нысандармен танысып, жұртшылықпен кездесті. Сондай-ақ ел ішіндегі 41 іс-шараға қатысты. Олардың қатарында форумдар, кеңестер, отырыстар секілді түрлі форматта өткен жиындар бар. Еліміздің саяси және қоғам қайраткерлерімен 137 кездесу өткізді.
Мемлекет басшысы биыл 3 979 құжатты қарап, қол қойды. Оның ішінде 95 заң, 319 жарлық, 81 өкім, 28 отырыс хаттамасы, 3 456 қызметтік құжат қабылданды (25 желтоқсандағы мәлімет бойынша).
Халықаралық қатыныс:
- Қасым-Жомарт Тоқаев биыл 23 рет шет мемлекетке сапарлады;
- 19 халықаралық форум мен саммитке қатысты;
- Халықаралық іс-шаралар аясында өзге елдің басшыларымен 27 рет кездесті;
- Шет мемлекеттердің және үкіметтердің басшыларымен, басқа да жоғары лауазымды тұлғаларымен, халықаралық және өңірлік ұйымдардың жетекшілерімен, бизнес-қоғамдастық өкілдерімен 84 кездесу өткізді;
- 22 мемлекеттің елшісінен сенім грамоталарын қабылдады;
Сонымен қатар еліміз 2024 жылы 6 негізгі халықаралық ұйымға төрағалық етті. Олар: ШЫҰ, ТМҰ, АӨСШК, ҰҚШҰ, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы, Халықаралық Аралды құтқару қоры. Франциямен бірге One Water саммитін ұйымдастырды.
Мемлекет басшыларымен 49 мәрте телефон арқылы сөйлесті.
Тоқаев бір жыл ішінде 23 рет шет мемлекетке жұмыс сапарымен барғанын хабарладық. Соның ішінде Мемлекет басшысы 7 мемлекетке мемлекеттік сапармен барды. Олардың қатарында Катар, Әзербайжан, Сингапур, Тәжікстан, Моңғолия, Франция және Мажарстан бар.
Бұл елдер Қазақстан басшысын қалай қарсы алды?
Моңғолия: Сауыт киген салт атты моңғол жауынгерлері
Қазан айында Қасым-Жомарт Тоқаев Моңғолияға мемлекеттік сапармен барды.
Үкімет үйі алдындағы Сухэ-Батыр алаңында құрмет қарауылы және сауыт киген салт атты моңғол жауынгерлері сап түзеп тұрды, Қазақстан басшысын қарсы алды.
Моңғолия – Қазақстанның маңызды серіктестерінің бірі. Қос халықтың дәстүрі мен мәдени-тарихи тамыры ортақ. Құрметті Президент, Сіздің шақыруыңызмен Моңғолияға мемлекеттік сапармен келіп отырмын. Маған және Қазақстан делегациясына, бұл – үлкен құрмет, - деген еді Тоқаев.
Екі ел президенттері бұл кездесуде келіссөздер жүргізді.
Франция: Гвардияшылардың шеруі
Қасым-Жомарт Тоқаев қарашада Франция Республикасына мемлекеттік сапармен барды.
Мемлекет басшысын әскери оркестрдің сүйемелдеуімен Президент Эмманюэль Макрон қарсы алды. Екі елдің мемлекеттік әнұрандары шырқалды.
Президенттер республикалық гвардия, әуе-ғарыш, құрлық және теңіз әскерлерінен жасақталған Құрмет қарауылының алдынан жүріп өтті. Бұдан кейін мемлекеттер басшылары Құрмет қарауылының салтанатты шеруін тамашалады.
Сапар аясында Қазақстан мен Франция келіссөз жүргізіп, қай бағытта серіктестікті нығайтатындарын келісті.
Мажарстан: Король сарайы, салт атты гвардия
Президенттің қараша айындағы тағы бір мемлекеттік сапары Мажарстанға болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты Будапешт қаласындағы Король сарайының Арыстандар алаңында ресми түрде қарсы алды.
Мемлекет басшысын әскери оркестрдің сүйемелдеуімен Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбан қарсы алды.
Құрмет қарауылының бастығы рапорт бергеннен соң, екі елдің мемлекеттік әнұрандары шырқалды. Содан кейін Құрмет қарауылы мен салт атты гвардия салтанатпен сап түзеп өтті.
Екі ел басшылары келіссөз жүргізіп, оның бойынша екі елдің стратегиялық серіктестігін одан әрі нығайтуды және ортақ бастамаларды жүзеге асыруды көздейтін Бірлескен мәлімдеме қабылданды.
Бұл сапарлар Мемлекет басшысының сыртқы саясаттағы стратегиялық ұстанымдарының сәтті жүзеге асырылып жатқанын көрсетеді.