Көрнекі ақпараттар енді 2 тілде жазылатын болады

12 Маусым 2019, 20:01
2686
Бөлісу:
Көрнекі ақпараттар енді 2 тілде жазылатын болады
Фото: автордан

Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Атырау облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма мен қалалық мәдениет және тіл бөлімінің мамандары бірлесіп, «Көрікті көрнекіліктер, жаңарған жарнамалар» деп аталатын акция өткізді. 

Айына бір рет қолға алынатын мұндай шара бұл жолы Оңайбай Көшеков атындағы Атырау аграрлы-техникалық колледжі мен Саламат Мұқашев атындағы Атырау политехникалық колледжінде ұйымдастырылды.

«Бланкілер мен маңдайшалардағы жазулар, хабарландыру-жарнамалар, прейскуранттар, басқа да көрнекі ақпарат мемлекеттік тілде және орыс тілінде, ал қажет болған жағдайда өзге де тілдерде жазылуы тиіс. Бұл акцияның негізгі мақсаты – бұл жерде мына маңдайшалардағы, жарнамалардағы барлық мәтіндердің ҚР Тіл туралы заңының нормативтік құқықтық актілерге сәйкес келуі, яғни мемлекеттік тілде және орыс тілінде дұрыс бағытпен орналасуын бақылау. Барлық көрнекі ақпараттың мәтіні заңда белгіленген тәртіп бойынша орналасу керек, яғни белгілі бір атау мемлекеттік тілде сол жағына немесе жоғары бұрышқа, ал орыс тілінде оң жағына немесе төменгі бұрышқа бірдей өлшемдегі әріптермен жазылуы тиіс. Ал, мұны ескермегендердің әрекеті «Тіл туралы» заңын бұзушылық болып табылып, ҚР-ның Әкімшілік құқықбұзушылық кодексіне сәйкес жазаланады», - дейді Атырау облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының бас маманы Айгүл Досмағамбетова.

Өзгелердің жаңалығы