Қорғаныс министрлігі запастағы офицерлерді әскери қызметке шақыру мәселесін көтерді

17 Тамыз 2021, 15:03
2299
Бөлісу:
Қорғаныс министрлігі запастағы офицерлерді әскери қызметке шақыру мәселесін көтерді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қорғаныс министрлігінде өткен аппараттық кеңесте әскеріміздің тыныс-тіршілігінің өзекті мәселелері қаралды.

Ауғанстан Ислам Республикасындағы ахуалдың шиеленісуіне байланысты Қарулы Күштерде қырағылықты күшейту бойынша шаралар қабылданды.

Ең алдымен, бұл арнайы операциялар күштерінің бөлімшелеріне, майдан және әскери-көлік авиациясына, әуе шабуылына қарсы қорғанысқа қатысты болып отыр. Қорғаныс министрі өңірдегі жағдайды қадағалау және талдау, күштер мен құралдардың тәуліктік кезекшілігін ұйымдастыру бойынша міндеттер қойды. Жоғары қырағылықты қамтамасыз ету мақсатында әскери қызметшілердің кезекшілік атқаруы бойынша жүктемені бірдей бөлу қажеттілігі атап өтілді.

Туындайтын сын-қатерді ұдайы бағалап, қазіргі уақытта біз үшін анағұрлым маңызды және негізгі күш-жігерді қайда бағыттау керек екенін айқындау қажет, – деп атап өтті генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев.

Алдағы аптада взводтардың жауынгерлік оқ атуы, әскери міндеттілермен жиындар, батальондармен бақылау сабақтары жоспарланып отырған әскерлердегі жауынгерлік оқу-жаттығу барысы туралы баяндалды. Армиялық халықаралық ойындарға қатысушылар конкурстар өтетін орындарға келіп, 22 тамыздан бастап «АрХО – 2021» конкурстарына қатыса бастайды.

Запастағы, әсіресе, тапшы мамандығы бар офицерлерді әскери қызметке шақыру мәселесі көтерілді.

Атап айтқанда, армияның эпидемияға қарсы іс-шараларға қатысуы запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша әскери кафедраларда дайындалатын және офицер атағын алғаннан кейін армияда қызмет өткергісі келмейтін әскери дәрігерлердің қажет екенін көрсетті.

Заңнамаға офицер әскери атағын алған әскери кафедраны бітірушілерді міндетті түрде әскери қызмет өткеру үшін әскерге шақыру бойынша түзетулер енгізу тапсырылды.

Барлық студент пен жоғары оқу орындарының басшылары әскери кафедрада оқу – бұл ойын-сауық және запастағы офицердің әскери билетті алу тәсілі емес, ең алдымен – ел мүддесі үшін Қарулы Күштерде қызмет етуге дайын екендерін түсінуі тиіс, - деп атап өтті Қорғаныс министрі.


Өзгелердің жаңалығы