- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Көптен күткен су қуаныш сыйламады: Абай облысында ауызсу тартылған соң ауыл тұрғындары батпақта қалды
Көптен күткен су қуаныш сыйламады: Абай облысында ауызсу тартылған соң ауыл тұрғындары батпақта қалды
21 Шілде 2026, 10:15
Соңғы бес жылда Абай облысының ауылдарына ауызсу желілері белсенді түрде тартылып жатыр. Бірі үшін бұл – көптен күткен краннан ағатын таза су болса, енді бірі үшін жер астынан шығып тұрған қажетсіз құбыр ғана. Ал барша тұрғынды алаңдатқан ортақ мәселе – көшелердің батпаққа айналуы. Көктем мен күзде көптеген ауылдың көшелері адам мен көлік өте алмайтын батпаққа айналады. Көліктер лайға батып, тұрғындардың қатынауы қиындай түскен коммуналдық саланың осы бір қайшылықты көрінісіне BAQ.KZ тілшісі куә болды.

Бесқарағай ауданы – Абай облысындағы егін және мал шаруашылығы дамыған жетекші өңірлердің бірі. Мұнда дәнді дақылдар өсіріліп, жылқының жаңа тұқымдары шығарылып, ірі қара мен ұсақ мал өсіріледі. Құнарлы егістік алқаптары мен кең жайылымдардың қатар орналасуы ауыл шаруашылығын дамытуға зор мүмкіндік береді.
Ауданның М-38 Омбы – Майқапшағай республикалық автожолы бойында орналасқан ауылдары Семей, Павлодар және Астана қалаларымен тікелей қатынасқа ие болғандықтан қарқынды дамып келеді. Ал шалғайдағы ауылдардың жағдайы керісінше – олар біртіндеп тоқырауға ұшырап жатыр. Бұған коммуналдық инфрақұрылымның жеткіліксіздігі де себеп.
Біз ауызсу құбырларын тарту жұмыстары жүргізіліп жатқан ауылдарға барып, жергілікті тұрғындармен тілдесіп, ондағы нақты жағдайға көз жеткіздік.
Кривинка ауылы
Кривинка ауылы Бесқарағай ауданының ең шеткі бөлігінде, Павлодар облысымен шекарада орналасқан. Аудан орталығы Бесқарағай ауылына дейінгі қашықтық – 100 шақырымнан астам, ал облыс орталығы Семейге дейін – 220 шақырым. Сондықтан жергілікті тұрғындар көбіне 150 шақырым жердегі Павлодар қаласына қатынайды. Мектеп түлектерінің бірқатары да сол жақтағы оқу орындарына түсіп, кейін сонда тұрақтап қалады.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, елді мекеннің негізгі екі мәселесі – ауызсу мен жолдың сапасы. Осы себепті мұнда көшіп келгісі келетіндер аз.

Ал табиғи мүмкіндіктері жеткілікті: айналасын көркем алқаптар, Ертіс өзені, бақтар қоршаған, тіпті емдік қасиеті бар тұзды балшық көзі де бар. Бұл ауыл шаруашылығын, туризмді және балық шаруашылығын дамытуға қолайлы жағдай жасайды. Алайда инфрақұрылымның нашарлығы бұл өңірге қызығушылық танытқан азаматтарды кері қайтарады.
Көктемде бізге мал шаруашылығын дамытқысы келетін бірнеше қандас отбасы келді. Егістік алқаптарымызды көріп, қатты ұнатты. Бірақ жолдың жағдайын көрген соң бұл жерге қоныстанудан бас тартты. "Жолдарыңыз өте нашар екен" деді. Ал бізге халық керек. Ауыл біртіндеп босап барады, жастар оқуға кетіп, қайта оралмайды. Балалар саны азайғандықтан мектептің жабылу қаупі бар, – дейді Кривинка тұрғындары.
Ауыл халқы Кривинка, Жетіжар және Қарабас ауылдарын байланыстыратын жолдың жөнделуін көптен бері күтіп жүр.
Қазір ауылда 434 адам тұрады. Аудан әкімдігінің мәліметінше, елді мекенде 111 аула бар. Алайда ауызсудың сапасы ауылдың әр бөлігінде әртүрлі. Бір жағында су ішуге жарамды болса, екінші бөлігінде ол тек бақша суаруға және мал суаруға ғана пайдаланылады. Тұрғындардың сөзінше, мұндай суды ішуге болмайды, тіпті денсаулыққа қауіпті.
Сондықтан ауыл халқы ауызсуды қаладан немесе аудан орталығынан тасиды. Көбісі Кривинкадан 15 шақырым жерде орналасқан бұлақтан су алады. Қыста жолды қар басқанда, кейбір тұрғындар суы жақсы көршілеріне құты мен бөшке көтеріп баруға мәжбүр болады.
Жергілікті тұрғындардың бірі бұл мәселенің бұрыннан келе жатқанын айтады.
Бұл мәселе әрдайым болды. Кеңес заманында құдықтың суын пайдаландық. 90-жылдары ауылға су құбыры тартылып, су мұнарасы орнатылды, көшелерге су колонкалары қойылды. Алдымен бір колонка істен шықты, кейін екіншісі. Уақыт өте су сақталатын резервуарлар тазаланбайтын болды. Оның ішінде құстар мен жәндіктер пайда болды. Мұндай суды ішу мүмкін емес еді. Кейін судың сапасы мүлде нашарлап, тот басқандай болып, жағымсыз иіс шығара бастады, – дейді аты-жөнін жариялауды қаламаған ауыл тұрғыны.

Өткен жылы ауылдарды ауызсумен қамтамасыз етуге арналған мемлекеттік бағдарлама шалғайдағы Кривинка ауылына да жетті. Тұрғындар сапалы ауызсу беретін жаңа ұңғыма қазылады деп үміттенген.
Алдымен құбыр тартуды бастады. Магистраль жүргізіп, құбырларды төседі. Бүкіл көшені қазып, жердің астындағы сазды топырақты сыртқа шығарды. Бірақ әлі күнге дейін жарамды су ұңғымасын таба алмай отыр. Егер су көзі әлі анықталмаған болса, онда көшелерді қазып, халықты жолсыз қалдырудың не қажеті болды? – дейді тұрғындар.
Ауылдарда су құбырын тарту жұмыстарының ортақ мәселесі бар. Құбыр төсеу үшін қазылған орлар жердің астыңғы қабатын сыртқа шығарады. Соның салдарынан бұрынғы ауылішілік жолдардың бетіне қалың саз қабаты жайылып қалады.
Жаңбыр жауғаннан кейін немесе қар еріген кезде бұл саз аяқ алып жүргісіз лайға айналады. Оның ішінде көліктер батып, адамдардың жүруі қиындайды, тіпті мал да батпаққа батып қалады.
Бұл мәселені бұған дейін Абай облысының Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және энергетика басқармасына көтергенбіз. Ауылдардағы су құбыры жобаларының негізгі тапсырыс берушісі саналатын басқарма өкілдері тұрғындардан құрылыс аяқталғанша түсіністік танытуды сұрап, мердігерлер кейін жолдарды қалпына келтіретінін айтқан. Алайда ауыл тұрғындарының сөзінше, іс жүзінде жағдай мүлде басқаша.
Мердігерден жолдардың қашан жөнделетінін сұрадық. Олар бұл мәселеге жауапты емес екенін айтып, ең болмаса бір көшені ретке келтіруге тырысатындарын жеткізді. Күзде бір әйел орға құлап, қолын сындырды. Осыдан кейін ғана орларды асығыс көме бастады. Шу шыққанға дейін ауыл ішінде көлікпен жүру мүмкін емес еді, – дейді тұрғындар.
Ауыл халқы елді мекен ішіндегі жолдарды ретке келтіруді, ауылдан республикалық тасжолға дейінгі жолды жөндеуді және ауызсу жүйесінің құрылысын толық аяқтауды сұрайды.
Туған ауылымыздың қазіргі жағдайы жаныма батады. Бәрі құлдырап барады. Күзде Семейге көшуді жоспарлап жүрмін, бірақ ол жақта қалай өмір сүретінімді білмеймін. Егер ауылда дәрігер болғанда, бәлкім, Кривинкадан кетпес едік. Біз сияқты егде жастағы адамдарға тәжірибелі медицина қызметкері қажет. Жақында екі адам қайтыс болды. Оларды небәрі 30 шақырым жердегі Жетіжарға жеткізіп үлгермеді, өйткені жолдың жағдайы өте нашар. Ауылдан тасжолға дейін дұрыс жол жоқ, ауыр жүк көліктері жолды әбден бүлдіріп тастаған. Көліктерімізді де жарамсыз етіп жатырмыз. Ауызсуды бұлақтан тасимыз. Қыста жолды қар басқанда аудан орталығынан әкелуге мәжбүрміз. Жергілікті сарғыш суды ішіп, бүйрегіміз бен асқазанымыз сыр бере бастады. Осындай көркем өлкеге жанашыр адамдар келіп, ауылды қайта түлетсе ғой, – дейді ауыл тұрғыны Әлия апа.
Жыланды ауылы
Жыланды ауылы Семей қаласынан 35 шақырым жерде орналасқан. Екі жыл бұрын бой көтерген жаңа мектеп пен көкке бойлаған теректер республикалық тасжолмен қатынайтын жолаушыларға ауылдың айқын белгісіндей көрінеді. Қарағайлы орманның ортасында орналасқан шағын ауылды жол бойымен өткен кез келген адам бірден байқайды. Жақында ауыл маңында демалыс базасы салынып, өңірдегі экологиялық туризмнің дамуына серпін бере бастады.
Елді мекенде әлеуметтік нысандардан орманшылық мекемесі мен екі жыл бұрын ашылған шағын жинақты мектеп қана бар. Ауылда аурухана да, әкімдік те жоқ. Соған қарамастан, Кривинка ауылынан айырмашылығы – Жыландыда бос тұрған үй жоқ. Тұрғындардың айтуынша, халық бұл ауылды табиғатының тазалығы, Семей қаласына және республикалық тасжолға жақын орналасқаны үшін таңдайды.

Екі жыл бұрын семейлік Тимур Әубәкіров туған үйіне қайта оралған. Оның айтуынша, орман шетінде, қаладағы көлік дабылдары мен қарбаластан алыс өмір сүріп, таза ауамен тыныстаудың жөні бөлек.
Алайда соңғы бір жылда ауылдағы жағдай өзгерген. Тимурдың сөзінше, бұрын Жыландының құмды көшелері жауын-шашын мен еріген қар суын тез сіңіріп алатын. Сондықтан наурыз айының соңында-ақ тұрғындар жеңіл аяқкиіммен емін-еркін жүретін.
Қазір ауылды ауызсумен қамту жұмыстары басталғалы бері Жыланды да көрші ауылдар сияқты саз бен тастың ортасында қалған. Жаңбырдан кейін пайда болған шалшықтар апталап кеппейді, ал аяқ киімге жабысқан лай жүруді қиындатады.
Құбыр тарту кезінде жердің астындағы сазды түгел сыртқа шығарып тастады. Демек, орды қайта көмгенде топырақты бұрынғы қабатымен қайта салу керек еді. Бірақ олар қазылған топырақты сол күйі орға қайта итеріп тастай салды, – дейді Тимур Әубәкіров.

Ауызсу құбыры тартылып жатқан әр ауылда тұрғындар пікірі екіге жарылған. Бірінші топқа орталықтандырылған су жүйесі қажет. Олардың қатарында терең ұңғымадан су тартатын сорғымен әуре болғысы келмейтін қарттар мен жалғызбасты адамдар, сондай-ақ қолданыстағы судың сапасы мен дәміне көңілі толмайтын тұрғындар бар.
Ал екінші топ, керісінше, өздерінің жеке ұңғымасы мен су сорғысын пайдалануға әбден үйренген. Мұндай тұрғындар саны басым. Олар көшелердің қазылып, коммуналдық жұмыстардың жүргізілуіне қарсы, өйткені бұл ауыл тіршілігіне қолайсыздық туғызады деп есептейді.
Жыланды ауылының тұрғыны Тимур Әубәкіров жер асты суының сапасына көңілі толатынын айтады. Оның үйіндегі ұңғыма 18 метр тереңдікте орналасқан.
Ал оның туысы, керісінше, орталықтандырылған су жүйесінің іске қосылуын асыға күтіп жүр. Осындай пікірді ауыл тұрғыны Индира Тастанова да білдірді. Ол отбасымен бірге Жыландыға төрт жыл бұрын көшіп келген және бұл шешіміне өкінбейтінін айтады. Оның сөзінше, ауылдағы жалғыз күрделі мәселе – ауызсудың сапасы. Сондықтан орталық су жүйесінің іске қосылғанын қалайды.
Алайда мұнда бір талап бар: су айдау станциясы жұмысын бастау үшін ауыл тұрғындарының кемінде 80 пайызы орталық су жүйесіне қосылуы қажет.
Ондаған жылдан бері өздерінің терең ұңғымасынан су алып жүрген, соған толық қанағаттанатын адамдар бар. Сондықтан олар орталықтандырылған су жүйесіне қосылуға келіспейді. Ауыл тұрғындарының пікірі әртүрлі. Бұл мәселе қалай шешілетінін әзірге білмейміз. Су құбыры әр үйдің ауласына дейін жеткізілді. Енді оның іске қосылуын күтіп отырмыз, – дейді Жыланды ауылының тұрғыны Индира Тастанова.

Жыланды ауылында су құбыры өткен жылы тартылып, жер астына көмілген. Алайда әлі күнге дейін іске қосылған жоқ. Соған қарамастан тұрғындар құрылыс жұмыстарының салдарын тартып отыр. Көктем мен күзде көшелердің батпаққа айналуы ауыл халқының жаппай наразылығын туғызған. Лайсаңнан тұрғындар ауыл ішінде жүріп-тұра алмай, көліктер батпаққа батқан. Тіпті осыған байланысты мектепте сабақтар да уақытша тоқтатылған.
Тұрғындар үйлеріне көлікпен жете алмай, жолда қалып жатты. Мен өзім қарындасымның үйіне бара алмадым. Бір апамыз құрбысына бара жатқанда лайға батып, етігін батпақта қалдырып, діттеген жеріне жалаңаяқ жеткен. Жұбайымды да батпақтан өзім сүйреп шығардым. Бірде сиыр да лайға батып қалып, оны трактормен әрең шығардық. Осындай жағдайда халықты қалай қараусыз қалдыруға болады? Тұрғындардың жаппай наразылығынан кейін ғана жолды аздап тегістеп берді, – дейді Тимур Әубәкіров.
Мәселені уақытша шешуге жергілікті мектептен шығарылған бірнеше тонна қож көмектескен. Тұрғындар жолдың кейбір бөліктеріне қож төсеп, көліктің жүруіне қолайлы жағдай жасауға тырысқан.
Жаздың аптап ыстығында жер кеуіп, қатайып қалғанымен, көшелерді басқан майда сазды шаң болашақта қиындықтың қайталануы мүмкін екенін аңғартады. Тұрғындардың айтуынша, егер ауылішілік жолдарға қатқыл жабын төселмесе, күзгі жауын мен көктемгі қар еріген кезде бұрынғы жағдай тағы қайталанады.
Бұл жол қиылысы ауыл мектебінің дәл жанында орналасқан. Тимур Әубәкіров жұмысшыларға бұл жерді қазуға рұқсат бермеген. Себебі дәл осы тұспен балалар мектепке қатынайды, көліктер де осы жолмен жүреді.

Нәтижесінде мердігерлер бірнеше метрлік ор қазбай-ақ жұмысты аяқтаған. Олар екі жағынан шағын траншея қазып, құбырларды жер астымен жалғаған.
Осыдан-ақ мердігер ұйымдардың су құбырын жолды толық қазбай-ақ, тұрғындарға қолайсыздық туғызбай төсеуге мүмкіндігі бар екені байқалады. Ендеше мұндай тәсіл неге барлық жерде қолданылмайды деген сұрақ туындайды.
Канонерка ауылы
Семейден 50 шақырым жерде орналасқан Канонерка ауылы республикалық маңызы бар Омбы – Майқапшағай автожолы өтетін орталық көшесімен танымал. Жол бойында орналасқан ондаған жасыл дүңгіршекте жергілікті тұрғындар бал, прополис, саңырауқұлақ, көкөніс және тұздалған өнімдерін саудалайды.
Алайда орталық көшеден сәл алыстағаннан кейін мүлде басқа көрініс көзге түседі. Көшелерде қазылған орлар, траншеялар, үйілген топырақ, бетон сақиналар мен өткен күзден бері сол күйі жатқан пластикалық құбырлар шашылып жатыр. Терең шұңқырлар қоршалмаған әрі бірнеше көшені алып жатыр. Тұрғындар үйлеріне көлік кіргізіп, отын жеткізу үшін жолды өз күштерімен уақытша реттеуге мәжбүр болған.

Егер Кривинка мен Жыланды ауылдарында су құбыры тартылғаннан кейін орлар қайта көмілсе, Канонеркада құрылыс жұмыстары әлі аяқталмаған. Ауыл тұрғындары әзіл-шыны аралас бұл жұмыстың жандануы үшін жоғарыдағы ауылдардағыдай шу немесе төтенше жағдай болуы керек шығар деп қынжылады.
Белгілі болғандай, мердігер ұйымға бұл жобаны жүзеге асыру үшін екі жыл мерзім берілген. Алайда тұрғындардың айтуынша, уақыттың бір бөлігі босқа кеткен. Себебі өткен жылдың қазан айынан бастап 2026 жылдың шілде айының ортасына дейін ауылда ешқандай жұмыс жүргізілмеген. Осы уақыт ішінде ашық жатқан орларды шөп басып, көшенің дәл ортасында шағын экожүйе қалыптаса бастаған.

Біз Канонеркаға барған кезде екі экскаваторы бар жұмыс тобы жер қазып жатқан еді. Олардың маңына жиналған ауыл тұрғындары ұзақ уақыт бойы тоқтап қалған құрылысқа наразылық білдірді. Ал жұмысшылар кешірім сұрап, мәселені басшылықтың шешетінін айтты.

Тұрғындарға енді орлардың толық көмілетініне уәде берілген. Мұны көруге ондаған адам арнайы келген.
Жұмыс неге бір жылға жуық тоқтап тұрды? Көктемде де, жаздың алғашқы айларында да ешкім келген жоқ. Міне, жоба басталғанына бір жыл өткенде ғана қайта жұмыс басталды. Кривинкада әйел адам қолын сындырғаннан кейін ғана орларды тез көміп тастады. Бізге де назар аударту үшін міндетті түрде бір оқыс оқиға болуы керек пе? – дейді ауыл тұрғындары.

Жұмысшылардың айтуынша, алдағы уақытта жобаның екінші кезеңі басталады. Бұл жолы Канонерканың екінші бөлігінде құбыр төсеу үшін жаңа траншеялар қазылады. Алайда тұрғындар мұнда да бұрынғы жағдай қайталана ма деп алаңдайды. Соған қарамастан, мердігерлер жолды толық қазбай-ақ құбыр тартудың қолайлы тәсілін қолданады деген үміттері бар.
Айта кетейік, жоғарыда аталған ауылдардың ешқайсысында тұрғын үйлер әлі күнге дейін орталық су жүйесіне қосылмаған.
Бесқарағай ауданының әкімі Ділдар Қаликанның айтуынша, өткен жылдан бері ауданның бірнеше ауылында – Кіші Владимировка, Жыланды, Баскөл, Канонерка, Кривинка, Мостик және Морозов орман шаруашылығы елді мекендерінде ауызсу жүйесін тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы ауданда 28 ауыл бар.
Әкімнің сөзінше, әр елді мекеннің табиғи ерекшелігі мен өзіне тән қиындықтары құрылыс жұмыстарына әсер етеді. Мәселен, Кривинка ауылында сапалы ауызсу көзін табу оңай болмаған.
Онда ұңғымаға қатысты қиындықтар болды. Бірнеше рет бұрғылағанымызбен, су шықпады. Кей жағдайда табылған судың сапасы зертханалық талаптарға сәйкес келмеді. Қазір жақсы су көзі анықталды. Енді сол суды Кривинка тұрғындарына жеткізу ғана қалды. Бұл мәселе күздің басына дейін шешіледі деп ойлаймын. Су құбыры құрылысы тұрақты бақылауда, – деді аудан әкімі.
Сонымен қатар ол мердігер ұйымдарға су құбырларын жүргізуге заң бойынша екі жыл уақыт берілетінін еске салды.
Дегенмен ауданда оң тәжірибелер де бар. Мәселен, Баскөл ауылдық округіне қарасты Қарағайлы ауылында тұрғындар үш жыл бұрын үйлеріне орталық су жүйесін тартып, көшелеріне асфальт төселіп, жарық шамдары орнатылған. Бұл ауыл бүгінде инфрақұрылымы жаңарған елді мекендердің бірі саналады.

Бесқарағай ауданындағы ауылдардың су құбырларын ауыстыру және жүргізу жұмыстарына 5,1 млрд теңге бөлінді.
Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің ресми хабарламаларында: «Облыс әкімі Берік Уәли Жыланды ауылындағы су жеткізу станциясына барып, онда орталықтандырылған су жүйесіне 132 аула қосылғанын көрді» деп мәлімделген.
Алайда іс жүзінде Жыланды ауылындағы үйлерде әлі күнге дейін су жоқ. Су құбыры тартылғанымен, тұрғын үйлерге қосылмаған. Тұрғындар судың нақты қашан берілетінін де білмейді.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының оң есептерінде облыс халқының 95%-дан астамы орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілгені айтылған. Алайда елді мекендерде халықпен өткізілген кездесулер бұл мәліметтің шынайы жағдайға сәйкес келмейтінін көрсетіп отыр.
Альбина ХАЛЕЛ
Ең оқылған:
- Қазақстандықтарға БЖЗҚ-дағы жинағының 100 пайызын аударуға рұқсат етіледі
- Жаңбыр, бұршақ, найзағай: 17 облыста дауылды ескерту жарияланды
- Алматыда бір ауданды абаттандыруға 2 млрд бөлінген: Ол қалай жұмсалып жатыр?
- «Aktogai Milk» иесі 6 жұмысшының қаза болуына қатысты алғаш рет пікір білдірді
- Жол қателікті кешірмейді: Өскеменде жол апатынан екі жасөспірім көз жұмды