Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Копенгагенде алғаш рет Қазақстанның Швециядағы және қоса атқарушы Даниядағы елшілігінің ұйымдастыруымен Қазақстанның мәдени көрмесі өтті, деп хабарлады ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.
Ведомствоның мәліметінше, "Limited works" танымал көркем галереясында бейнелі ұлттық костюмдер мен ұлы дала елінің әдемі табиғаты туралы бірегей фотосуреттер қойылды. Сонымен қатар, бұл жерде Данияда тұратын қазақстандық суретші Дана Молдахметова өз жұмыстарын көрсетті. Көрмеге іскерлік, академиялық орта, дипломатиялық корпус, қазақ диаспорасы өкілдері, белгілі халықаралық құрылымдарда жұмыс істейтін қазақстандық азаматтар, сондай-ақ жергілікті тұрғындар келді. Қонақтар түрлі-түсті экспонаттарды қызығушылықпен қарап, өздерінің шаттықтары мен әсерін жасырмады, сондай-ақ осындай іс-шараларды Данияда тұрақты түрде ұйымдастыру бойынша өтініштерін білдірді.
Қазақстан елшісі Қайрат Әбдірахманов өзінің құттықтау сөзінде аталған көрме Қазақстан мен Дания арасындағы мәдени байланысты одан әрі нығайту үшін тамаша негіз қалайтынын және екі елдің достығын тереңдетуге ықпал ететінін атап өтті, - делінген хабарламада.
Іс-шара барысында қазақтың ұлттық "тұсау кесу" дәстүрі өтіп, кішкентай Ясмин қазақ диаспорасы ақсақалдарынан ізгі тілектер мен батасын алып, алғашқы қадамдарын жасады. Сонымен қатар, көрмеде қазақ күйлерінің домбырада орындалуы мен ұлттық тағамдардың қойылуы осы Скандинавия елінде жаңа достар табуға жақсы мүмкіндік берді.