2025 жылдың 26 қарашасында Данияның Копенгаген қаласында Чемпиондар лигасының жалпы кезеңі аясында алматылық “Қайрат” пен жергілікті “Копенгаген” клубы кездеседі. Белгілі болғандай, матчқа Қазақстаннан футболшылар ғана емес, Алматы полициясының өкілдері де барған, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Алдағы күндері өтетін “Копенгаген” – “Қайрат” халықаралық футбол матчы қарсаңында Алматы полициясының өкілдері ірі спорттық іс-шараларда қауіпсіздікті қамтамасыз ету тәжірибесімен алмасу мақсатында Данияға барды, – деп хабарлады қалалық ПД.
Олар халықаралық матчтар кезінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жүйесін зерделеу үшін барған. Атап айтқанда: стадион инфрақұрылымын, кіріп-шығу тәртібін, жанкүйерлер қозғалысының бағыттарын, құқықбұзушылықтың алдын алу шараларын және қауіпсіздік қызметтерінің өзара іс-қимылын зерттемек.
Үш күн бойы алматылық полицейлер екі тілде видеокүнделік жүргізіп, Алматыда өтетін футбол матчтарын ұйымдастыруға қолдануға болатын маңызды бақылаулар мен тәжірибелерді бөліседі. Алматының Орталық стадионында дәстүрлі түрде ірі халықаралық ойындар өтетінін ескерсек, бұл тәжірибе өте маңызды, – деп атап өтті департамент.
Айта кетейік, 18 қараша 2025 жылы “Қайраттың” Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі өз алаңындағы матчтары Алматыдан Астанаға ауыстырылғаны белгілі болды.