Қаратал ауданынан шалғай орналасқан Көпбірлік ауылында әкімдік ғимараты мен спорт кешені бой көтерді. Бұл алыста жатқан елді мекен тұрғындары үшін жайдарман жаңалық болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Көпбірлік ауылы балық пен мал шаруашылығын серік еткен ежелгі елді мекен. Кезінде атағы жер жарған абыройлы ауыл бертін келе біраз тоқырауды басынан өткерді. Жастары қала кезсе, халқы жұмыс іздеп сыртқа кетіп қалды. Десе де ақжолтай азаматтардың арқасында ауыл сақталып, бүгінде жаңа ғимараттар іргесін қалауда. Мәселен, әкімдік ғимараты мен спорт сарайы соның бір дәлелі.
Әкімдік ғимараты заманға сай блокты-модульді құрылыс нысаны. Бар-жоғы екі айдың ішінде бой көтерген ғимарат ауылға ерекше көрік беріп тұр. Мұның ішінде ауыл әкімінің жеке кабинетінен басталған, мамандарға арналған жеке бөлмелері, келген тұрғындарды қабылдайтын арнайы бөлме және ауылдық кітапханаға да бар. Бұл қуанышты осындағы жұрт көптен күтті. Қаншама жылдардан бері іргесі көтерген бірден бір нысандар. Енді жастар спортпен айналысып, бос уақытын текке жібермейді. Енді жол жөнделсе, ауылға жиі барып тұрамыз, - дейді журналист Ришад Тұрғанбай.
Аталған спорт кешені екі қабаттан тұрады. 240 шаршы метрді құрайтын үлкен ғимаратта күрес, волейбол, баскетбол, тоғызқұмалақ ойындарынан жаттығулар өтетін болады. Ауыл балалары қалаған спорт түрін таңдап, арнайы жаттықтырушының көмегіне жүгіне алады.
Ашылу салтанатына келген аудан әкімі Ұлан Досымбеков, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ұлан Рысқұл, ардагер журналист Несіп Жүнісбай, ҚР Ұлттық кітап палатасының директоры Әділ Қойтанов халыққа ақ тілегін арнап, қуанышымен құттықтады. Тұрғындар естелік суретке түсті.