Елімізде Отбасы банкі арқылы мембағдарламалар бойынша жылына неше адам ипотека рәсімдейді? Банктің баспасөз қызметінің директоры Зауре Масгутова статистикалық мәліметтерді бөлісті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Отбасы банкінде мемлекеттік несиелендіру бағдарламалары 2005 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін іске асырылып келеді.
Редакциямыз жолдаған сауалға алған жауабында Отбасы банк халықты қолдау мақсатында төмен пайыздық мөлшерлемемен бірнеше бағдарлама іске асырылатынын жазды. Атап айтқанда, Мемлекеттік бағдарлама (2005-2010 жж.), Қолжетімді баспана 2020 (2011-2015 жж.), Нұрлы жол (2015-2016 жж.), Өңірлерді дамыту бағдарламасы (2015-2016 жж.), Нұрлы жер (2017-2022 жж.).
Қазіргі уақытта Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес кредиттеу бағдарламасы қолданылады. Кредиттер 10% мөлшерінде бастапқы жарна болған кезде жылдық 2% (ЖТСМ 2,0% бастап 2,1% дейін) және 5% (ЖТСМ 5,2% бастап 5,8% дейін) мөлшерлемесі бойынша беріледі. Несиелеу мерзімі 20 жылға дейін, - деді Зауре Масгутова.
"2-10-20" бағдарламасына жергілікті атқарушы органдарда тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың төмендегідей санаттары үміткер бола алады:
1. Бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар;
2. Мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар;
3. Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
4. "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен марапатталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен марапатталған көп балалы отбасылар, көпбалалы аналар.
Мемлекеттік бағдарламаға қатысуға өтінімдерді қабылдау otbasybank.kz жылжымайтын мүлік порталында сатылатын объектілер шеңберінде жүзеге асырылады.
Тұжырымдамаға қатысушыларды іріктеудің негізгі критерийлері – тұрғын үйге кезекке қою күні және санаты.
Жылжымайтын мүлік қарыз алушы тұрғын үйге кезекте тұрған аймақта сатып алынуы керек. Тұжырымдама шеңберінде жергілікті атқарушы органдар желісі бойынша салынған әлеуметтік кредиттік тұрғын үйді ғана сатып алуға болады. Нысандарды otbasybank.kz порталынан көруге болады, - делінген баспасөз қызметінің жауабында.
Ал жергілікті атқарушы органдарда тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың барлық басқа санаты "5-10-20" бағдарламасына үміткер бола алады.
2019 жылдан 2024 жылға дейін Мемлекеттік бағдарламалар аясында:
- "2-10-20" бағдарламасы бойынша жалпы сомасы 246,9 млрд теңгеге – 22 040 заем.
- "5-10-20" бағдарламасы бойынша жалпы сомасы 563,1 млрд теңгеге – 55 659 заем берілді.
Оның ішінде 2024 жылы:
"2-10-20" бағдарламасы бойынша жалпы сомасы 48,5 млрд теңгеге – 3 859 заем.
"5-10-20" бағдарламасы бойынша жалпы сомасы 59,6 млрд теңгеге – 5 145 заем берілді.
Бұған дейін мемлекеттік бағдарламалармен алынған пәтерді жалға беруге болатыны туралы жаздық.