Көпбалалы ана Балалар үйінен тағы 8 бала асырап алған

5 Қараша 2021, 16:19
1435
Бөлісу:
Көпбалалы ана Балалар үйінен тағы 8 бала асырап алған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанның ауыл әйелдерінің IV республикалық форумының кулуарында шараға екінші жыл қатарынан қатысып жатқан көпбалалы ана Анар Сатыбалдиновамен сөйлестік.

Анар Сатыбалдинова Ақмола облысы Біржан сал ауданына қарасты Бұланды ауылының тұрғыны. Отбасымен сол елді мекенде өмір бойы тұрып жатыр.

Өзімнің 4 балам бар. Олар ер жеткен соң үйде отағасы екеуміз жалғыз қалдық. Ауылымызда бір келіншекті балаларды асырау құқығынан айырды. Екі баланы Балалар үйіне берейін деп жатқан жерінен біз 5 баланы алдық. Біраз уақыт өткен соң жаңағы келіншек тағы бір баланы дүниеге әкелді. Одан да бас тартты. Біз оны да 2 айлығында асырап алдық. Қазір ол бала мектепте үздік оқушы, спортпен айналысады, – деді Сатыбалдинова.

Көпбалалы ананың айтуынша, барлық асырап алған баланы өз баласындай көреді.

Кейін Балалар үйінен тағы екі орыстың қызын алдық. Олар да қазір 8-9-сыныпта оқиды. Сабақтары да жақсы. Шамам келгенше еліміздің тәрбиелі азаматтары болуы үшін күш-жігерімді салып жатырмын.Өзімізде жеке шаруашылығымыз бар. Яғни, құс өсіреміз. Оны тұтынамыз, артығын сатып, кішігірім кәсіп айналдырып отырмыз, – деді Анар Сатыбалдинова.

Ол атағандай, балаларды асырап алар кезде әлеуметтік тараптан қиналмаған.

Себебі өзімізде шаруашылық болды. Ешкімнен ештеңе сұрамаймыз. Барлығы өзіміздің адал еңбекпен келген.Отағасы екеуміз қазір зейтенкерміз. Щучинск Балалар үйінен бала асырап алуды рәсімдеу қиынға соқпады. Себебі барлығы біздің жағдайымызды білді. Қазір 8 баланы тәрбиелеп жатқаныма 10 жыл болды. Оның үшеуін тұрмысқа беріп те үлгердік. Қалған төртеуі білім алып жатыр, – деді Сатыбалдинова.

Көпбалалы ана қазақта «Жетімін жылатпайды, жесірін қаңғыртпайды» деген сөзге сай өмір сүргісі келетінін айтады.

Менің 12 балам бар. Балаларыммен мақтанамын. Шамам келгенше олардың іргелі үй және жақсы азамат болғанын қалаймын. Өз еліме деген махаббатты олардың азаматын тәрбиелеумен көрсеткім келеді. Себебі әлемде ешбір бала жыламауы керек. Сонда өмір мейірімді бола түседі, – деді ол.

Өзгелердің жаңалығы