Консультациялық-диагностикалық қызметті ұзақ күтсеңіз, не істеу керек?

6 Сәуір 2023, 19:56
986
Бөлісу:
Консультациялық-диагностикалық қызметті ұзақ күтсеңіз, не істеу керек?
Фото: Денис Моргунов/©URA.RU

Консультациялық-диагностикалық қызметті ұзақ күтсеңіз, не істеу керектігін білген абзал, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының елорда филиалының баспасөз қызметі мәлімдеді.

Тұрғындар тарапынан медициналық көмек көрсету тәртібі мен МӘМС жүйесіне қатысты сұрақтар жиі түседі. Қор бұл бағытта тұрғындармен кері байланыс орнатып, тұрақты түрде жұмыс жүргізеді.

2023 жылдың І тоқсанында CRM жүйеге Астана қаласы бойынша 1424 өтініш түсті, олардың ішінді 971-і – шағымдар. Шағымдардың 27,7% астамы – консультациялық-диагностикалық қызметтерді (бейінді салалық мамандарды, диагностикалық қызметтерді) ұзақ күтуге қатысты болған.

Келіп түскен арыз-шағымдарды саралай келе, елордада маман жеткіліксіздігінен бейінді салалық дәрігерлерді ұзақ күтетіні белгілі болды. Бұл жерде айта кететін жайт, алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін жаңадан қосылған қызмет жеткізушілердің өздерінің мамандары жоқ, сондықтан «бейінді салалық» дәрігер қабылдауын бірнеше апта күтуге тура келеді. Саралаған талдау көрсеткендей, шағымдардың 27,7%-дан астамы «ҚДҚ-ді (бейінді салалық мамандарды, диагностикалық қызметтерді) ұзақ күтуге» қатысты.

Өтініш түскеннен кейін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры филиалының мамандары медициналық ұйымға хабарласып, медициналық қызметтің қолжетімділігін тексереді. Егер пациенттер қандай да бір себептермен оны алмаса, ұзақ күтудің себебін анықтайды. Барлық өтініштер тіркеу нөмірін беру арқылы тізілімге енгізіледі, соның арқасында өтініштің қаралу барысы бақылауда болады.

Кез келген консультациялық-диагностикалық қызметті пациентке емдеуші дәрігер тағайындайды. Ол науқастың жағдайын, шағымдарын, аурудың белгілерін зерделейді. Тиісті көрсетілімдер болса дәрігер КТ, МРТ немесе басқа да зерттеулер жүргізуге жолдама жазады. Бұл қызметтерді МӘМС жүйесінде алу үшін пациент «Сақтандырылған» мәртебесіне ие болуы тиіс.

ТМККК аясында және МӘМС жүйесінде қызмет көрсететін медициналық ұйым Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен тиісті шарт жасасады және шарт бойынша пациенттерге осы қызметтерді ұсыну міндеттемелерін орындауға тиіс.

Азаматтардан емхана көрсетілімдер болса да, өткізу мүмкіндігінің жоқтығына сілтеме жасай отырып, консультациялық-диагностикалық қызметке жіберуден бас тартады» деген өтініштерді жиі аламыз. Мұндай жағдайда, қызмет жеткізуші Қор базасында тұратын медициналық ұйымдар қатарынан бірлесіп орындаушыны тартуға міндетті. Егер бірлесіп орындау шарты ешкіммен жасалмаса, онда пациентті осы қызмет түрі бойынша Қормен келісімшартқа отырған медицина ұйымдарының біріне жіберуге тиіс, жолдама бойынша көрсетілген қызмет қорытындылары негізінде шарт автоматты түрде жасалады, - деп түсіндірді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының елорда филиалының ақпараттандыру бөлімінің бас сарапшысы Жанаргүл Үмбетова.

Алайда пациент өз емханасына бармай, басқа медициналық орталықтарға тікелей барып, консультациялық-диагностикалық қызметті ақылы алатын жағдайлар да кездеседі.

Кейде біз әлеуметтік желілерден пациентке жолдама берілмегені және олар ақылы түрде қызмет (мысалы, КТ) алғаны туралы шағымдарды көреміз. Мұндай жағдайларда пациенттің құқығын қорғаушы ретінде Қор іске қосылады. Бірақ, кейде, тексеру нәтижесінде пациент тіпті өз емханасына жүгінбеген, бірақ дереу басқа жерде ақылы тексеруден өтуге шешім қабылдағаны анықталып жатады. Сондықтан, азаматтарды ТМККК шеңберінде және МӘМС жүйесінде медициналық қызметтерді пайдалануға шақырамыз. Егер проблемалар туындаса, алдымен емхананың Пациентті қолдау қызметіне хабарласып, өз құқықтарыңызды қорғаңыздар, – деп атап өтті бас сарапшы.

Биыл Астана қаласы бойынша 170 медицина мекемесімен жалпы сомасы 242,7 млрд теңгеге медициналық қызмет көрсету үшін келісімшарт жасалған. Оның 121,8 млрд. теңгесі – МӘМС жүйесінде, 120,9 млрд. теңгесі – ТМККК аясында көрсетілетін қызметтерге тиесілі.

Консультациялық-диагностикалық қызметтерді алуға қатысты сұрақтар туындаса немесе олардың көрсетілуіне қол жеткізе алмасаңыз, онда алдымен өз емханаңыздың Пациентті қолдау қызметіне хабарласуыңыз қажет. Қазіргі уақытта пациенттерді қолдау қызметі мен пациенттер арасында байланыс нашар деуге болады. Халықтың көпшілігі медициналық ұйымда пациенттерді қолдау қызметі бар екенін де білмейді. Сұрақтар туындаған жағдайда, олар пациент уақыт жоғалтпауы үшін сол жерде, яғни емханада ақпарат беріп, түсіндірудің орнына, пациенттерді ӘМСҚ кеңсесіне жібереді немесе 1406 байланыс орталығына хабарласуға кеңес береді.

Егер консультациялық-диагностикалық қызметтерді немесе басқа да қызметтерді ұзақ күтіп, көмек алу мүмкіндігі болмаған жағдайда, денсаулық сақтау басқармасынан жағдайды нақтылай аласыз.

Ал мәселені сол жерде шешу мүмкін болмаса, онда Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына өзіңізге ыңғайлы тәсілмен, fms.kz ресми сайты, 1406 байланыс орталығы, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы және Telegram-дағы SaqtandyryBot арналары арқылы өтініш жолдауға болады.

Өзгелердің жаңалығы