Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті заң факультетінің конституциялық және халықаралық құқық кафедрасының қауымдастырылған профессоры,PhD Маржан Билялова Конституциялық реформаға қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сондай-ақ ол тәуелсіз Қазақстан қалыптасқан, өркениетті мемлекет ретінде, адам және азаматтардың құқықтар мен бостандықтарын қамтамасыз ететінін алға тартты.
Демократиялық құқықтық мемлекеттің негізгі мәні болып Конституция танылады. Яғни тәуелсіз Қазақстан үшін Ата заң – жай ғана құқықтық құжат емес, ол егемендіктің рухани әрі саяси өзегін айқындайтын тарихи әрі құнды акт. Конституцияда халқымыздың тәуелсіздікке дейінгі тағдыры, азаттыққа деген ұмтылысы мен болашаққа бағытталған ортақ еркі тоғысқан. Бүгінде орын алған Ата заңды жаңғырту мәселесі – тәуелсіздікті әлсірету емес, керісінше, оны жаңа тарихи жағдайда нығайту, құқықтық тұрғыдан кемелдендіру жолы, - дейді ғалым.
Айтуынша, Қазақстан Республикасының Президенті ұсынған идея мен саяси бастама конституциялық реформаның болуына ықпал етті.
Конституциялық реформа елдің құқықтық жүйесін жаңғыртатын ғана емес, мемлекеттің болашақ даму бағытын айқындайтын стратегиялық шешімге айналды. Демек, жүзеге асырылып жатқан конституциялық реформа – мемлекеттіліктің эволюциялық дамуының заңды әрі стратегиялық тұрғыдан маңызды кезеңі. Бұл реформа жекелеген нормаларды өзгерту шеңберімен шектелмей, конституциялық құрылымның философиясын қайта пайымдауға, билік пен қоғам арасындағы қатынасты жаңа сапалық деңгейге көтеруге бағытталған кешенді трансформациялық қадам деп бағалаймын, - деді Маржан Билялова.
Сонымен қатар ол Конституцияны толық жаңарту жолында Конституциялық комиссияның ауқымды жұмысын атап өтті.
Ұсынылған әрбір бастаманы нақты жүйеледі. 130 адамнан құрылған комиссиядағы Ұлттық құрылтай мүшелері, атақты құқықтанушылар мен ғалымдардың ұшқыр ұсыныстарын ғылыми тұрғыдан құптадым. Осы орайда, ерекше мәң беретін жайт – конституцияның Жаңа Преамбуласы, сонымен қатар барлық бөлімдерге және 77 бапқа енгізілген өзгерістер Ата Заңның түбегейлі жаңаруына негіз болады деп күтіледі. Заң ғылымының өкілі, жоғарғы оқу орнының қызметкері ретінде айтарым: аталған реформа ең алдымен құқық үстемдігі қағидатын нақты мазмұнмен толықтырады. Конституцияның нормалары декларативті сипаттан арылып, тікелей әрекет ететін, азаматтың күнделікті өмірінде сезілетін құқықтық құралға айналуы – реформаның басты жетістігі, - дейді оқытушы.
Сондай-ақ спикер құқықтық мемлекеттің іргетасын тереңдететін факторларға тоқталды.
Күшті Президент, ықпалды Парламент және билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік пен тежемелік жүйенің күшеюі, сот жүйесінің тәуелсіздігін институционалдық тұрғыдан нығайту – құқықтық мемлекеттің іргетасын тереңдете түсетін факторлар. Заң саласында білім алып жатқан жастар үшін реформа ерекше мәнге ие. Ол болашақ заңгерлерді Конституцияны статикалық мәтін ретінде емес, тірі, дамушы құқықтық жүйе ретінде түсінуге үйретеді. Конституциялық құқықтың тәжірибемен байланысы күшейіп, ғылыми талдау мен құқық қолдануды нығайтады. Бұл өз кезегінде отандық заң ғылымының сапалық деңгейін арттырып, жаңа буын кәсіби әрі жауапкершілігі жоғары құқықтанушылардың қалыптасуына негіз қалайды. Тәуелсіз Қазақстанның келешегі Конституцияға деген құрметтен, заңға деген сенімнен басталады, - дейді ол.
Пайымдауынша, Ата заңды ардақтау – өткенге тағзым ғана емес, болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік.
Сондықтан Конституция – біздің егемендігіміздің құқықтық тұғыры, ал оны дамыту – тәуелсіздікті мәңгілік етуге бағытталған ортақ ұлттық міндет. Конституциялық реформалардың мәні мен мақсаты қазіргі таңда өте маңызды. Бұл — тек заңнамадағы өзгеріс емес, ол қоғам мен мемлекеттің өзара қатынас мәдениетін өзгертетін, азаматтық сана мен жауапкершілікті арттыратын процесс, - деп түйіндеді Маржан Билялова.