Қазақстанда 2,5 жыл бұрын Конституциялық сот қайта құрылды. Президент Тоқаев реформаларының басты бағыты – құқықтық мемлекет құру жолындағы қадам.
Бірақ жаңа сот институты шын мәнінде адам құқығының қалқаны бола алды ма? Жаңа органға артылған үміт қаншалықты ақталды? BAQ.KZ тілшісі шолу жасап көрді.
Конституциялық сот – азаматтар үні
Конституциялық сот 2023 жылдың басында ресми түрде жұмысын бастады. Сол уақыттан бері 10 мыңнан астам өтініш түсіп, тек 78-і ғана іс өндірісіне алынған. Сандар сөйлейді: барлық өтініштің 99 пайызы қарапайым азаматтардан, тек тоғызы ғана мемлекеттік органдар мен депутаттардан түскен. Бірақ осыншама шағымның неге аз бөлігі ғана қаралады?
Сот өкілдерінің түсіндіруінше, көп өтініштер Конституциялық соттың құзыретіне жатпайды. Яғни адамдар көбіне күшіне енген сот шешімін қайта қарауды, лауазымды тұлғаларға шара қолдануды немесе заңды түсіндіріп беруін сұрайды. Ал Конституциялық сот мұндай істермен айналыспайды.
Азаматтар Конституциялық сотты Жоғарғы соттың үстінде тұрған орган деп ойлайды. Іс процессінде бұзылған құқығын дәл қазір айтып берем деп үміттенеді. Бірақ Конституциялық сот ондай мәселелерді қарамайды.
Конституциялық сотқа жүгіну тәртібі қандай?
Конституциялық Сотқа жолданымдар жазбаша және электрондық нысанда жіберіледі.
Азаматтардың жүгіну шарттары мен тәртібі заңның 45-бабында анықталған. Егер жолданым азаматтың атынан берілсе, оның жазбаша келісімі қажет.
Конституциялық Сотқа жолданымдар қағаз нұсқада мына мекенжай бойынша қабылданады: Астана қаласы, Мәңгілік Ел даңғылы, 13, тел. 87015230213.
Ел үшін маңызды институт
Мемлекет басшысы Конституциялық Сот ел өмірінде айрықша рөл атқаратын органға айналатынын айтқан болатын.
Шын мәнінде, Конституциялық сот – еліміз үшін өте маңызды институт. Енді азаматтарымыз Конституцияға қайшы келетін нормаларды заңсыз деп тану үшін Конституциялық сотқа тікелей өздері шағымдана алады. Сонымен қатар Бас прокурор және Адам құқықтары жөніндегі уәкіл де Конституциялық сотқа жүгінуге құқығы бар. Жалпы, Прокуратура, Сот, құқық қорғау органдарының жұмысына қойылатын талап айтарлықтай күшейеді. Конституциялық Сот депутаттардың және Үкіметтің заң шығару жұмысына оң ықпал етеді. Бір сөзбен айтқанда, Конституциялық сот адам құқықтарын қорғау жүйесінің басты тірегіне айналады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Жаңа, Әділетті Қазақстанның басты қағидатын да атады. Яғни ол – әділдік екеніне назар аударды.
Қаулы бар, нәтиже қандай?
Конституциялық сот 2,5 жыл ішінде 500-ге жуық қаулы шығарып, оның ішінде 78 өтінішке қатысты конституциялық іс қозғады. Бұл істердің біразы қолданыстағы заңнаманың әлсіздігін әшкерелеп берді.
Мемлекеттік қызметке кіруге тыйым салатын ережелердің кейбірі Конституцияға қайшы деп танылды. Бұрын қызметтен тәртіппен шығарылған азаматтарға мемлекеттік қызмет есігі мүлде жабық еді. Енді бұл шектеу нақты мерзімдермен белгіленіп, қайта қаралды: бір жылдан бес жылға дейінгі тыйымдар енгізілді. Ауыр және жемқорлық қылмыс үшін тыйым бұрынғыша – мерзімсіз.
Тағы бір қаулы бұрынғы судьяларға қатысты болды. Егер ол кәсіби жарамсыздығы үшін қызметтен босатылса, енді ол мемлекеттік қызметке қайта оралуға құқылы.
Конституциялық сот заңның әр нормасын «адам құқығына сәйкес келе ме?» деген тұрғыда саралап отыр.
Әділет министрлігінің дерегіне сүйенсек, соттың 59 нормативтік қаулысы бойынша заңнамаға өзгеріс енгізу қажет болған. Алайда тек алтауына ғана өзгеріс енгізілген, тағы алтауы – процесте. Қалғаны – алдағы уақыттың еншісінде.
Қоғам сенімі
Конституциялық сот өз жұмысында құқықтық әділдікке сүйеніп, заңдардың Конституцияға сәйкестігін анықтауға талпынып келеді. Оның кейбір қаулылары шынымен де қоғамда үлкен серпіліс тудырды. Соның бірі – баланың ұлтын анықтауға қатысты норма.
Бала ата-анасының ұлтына қарай ғана ұлтты анықтай алады деген норма Конституцияға сәйкес емес деп танылды. Егер ата-анасы жоқ болса немесе құжатпен дәлелденбесе – баланың ұлтын өзгерту мүмкін емес еді. Сот бұл шектеуді адам құқығына қайшы деп танып, үкіметке түзету енгізуді тапсырды.
Дәл осылай, мүгедектігі бар азаматтарға қатысты заңсыз талаптар Конституциялық тексеріс барысында алып тасталды. Мысалы, бұрын мүмкіндігі шектеулі жандар теміржол билетін алу үшін мүгедектік туралы құжатты көрсетуі керек болатын. Конституциялық сот бұл талаптың заңсыз екенін айтып, оны жоюды ұсынды.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2024 жылы Қазақстанда полицияға сенім білдіретіндер – 64,3%, ал сот жүйесіне сенетіндер – 62%. Конституциялық сотқа деген сенім туралы бөлек рейтинг жоқ.
Өмір бойына сотталған азаматтарға жылына 4 қана қысқа кездесу рұқсат етілген. Бұл басқа сотталғандарға қарағанда теңсіздік тудырады деген дәлелмен Сот оны Конституцияға қайшы деп таныды. Нәтижесінде, Қылмыстық атқару кодексіне түзету енгізілді.
Конституциялық сот – заң үстемдігі
Соңғы 2,5 жыл ішінде Конституциялық сот 60-тан астам норманы Конституцияға сай деп тапты, 20 норма Конституцияға қайшы деп танылды. Тағы 25 нормаға түсіндірме беріліп, олар Конституцияға сәйкес деп танылды.
Мамандардың айтуынша, Конституциялық сот резонансты істерден қорықпайды. Қазір Қазақстанда адам құқығын қорғайтын жүйені бұл институтсыз елестету қиын.
Конституциялық сот – еліміздегі құқықтық механизмнің іргетасын құрайтын жаңа құрал. Ол өз міндетін атқарады, қаулы шығарып, ұсыныс береді. Бірақ нақты нәтиже – саяси ерік пен жүйелік ықтиярға байланысты.