Мәжіліс депутаты Айдос Сарым Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның он екінші отырысында сөйлеген сөзінде комиссия жұмысының ашық өткенін атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, комиссия құрылғаннан бері 12 отырыс өткізілген. Барлық отырыс ашық форматта ұйымдастырылып, ел аумағында тікелей эфирде көрсетілді.
Сонымен қатар, жұмыс секциялары мен редакциялық алқаның сағаттап, кейде түнге дейін созылған жиындары өткен. Күрделі мәселелер бойынша пікірталастар ұйымдастырылып, түрлі көзқарастар талқыланған.
Депутат тарихи жауапкершілікті терең түсіне отырып, Президент Құрылтайда айтқан бастамаларды жүзеге асыру мақсатында ортақ мәмілеге келгендерін жеткізді. Оның сөзінше, нәтижесінде нақты әрі ұтымды ұсыныстар әзірленген.
Айдос Сарым электронды платформалар арқылы өз пікірін білдірген 10 мыңнан астам азаматқа, сондай-ақ саяси партиялар мен қоғамдық ұйым өкілдеріне алғыс айтты. Көптеген ұсыныстар Конституция жобасына енгізілгенін атап өтті.
Сондай-ақ депутат ұсыныс білдірген азаматтардың аты-жөні аталып, оларға Конституциялық сот немесе Конституциялық комиссия атынан ресми түрде алғыс жарияланып, арнайы «алғыс хат» табысталса деген бастама көтерді.
Ол ортақ жұмысқа атсалысқан комиссия мүшелеріне және Конституциялық соттың, Мәжіліс пен Сенаттың, Президент Әкімшілігінің, Үкімет аппаратының, Бас прокуратураның, Әділет министрлігінің, әкімдіктер мен мәслихаттардың, жоғары оқу орындары мен ғылыми институттардың жауапты қызметкерлеріне ризашылығын білдірді.
Депутаттың айтуынша, мыңдаған азаматтың белсенді қатысуының нәтижесінде жаңа Конституция жобасы әзірленді.