- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Конституциялық өзгерістердің саяси жүйеге ықпалы қандай болуы мүмкін?
Конституциялық өзгерістердің саяси жүйеге ықпалы қандай болуы мүмкін?
Биыл еліміздегі маңызды шешімдердің бірі – Ата Заңға өзгеріс енгізу бастамасы болды.
16 Ақпан 2026, 15:03
Биыл еліміздегі маңызды шешімдердің бірі – Ата Заңға өзгеріс енгізу бастамасы болды. Арнайы құрылған комиссия Конституцияның жаңа жобасын ұсынып, онда мемлекеттің саяси жүйесін жаңаша модельдеуді көздейтін нормалар қамтылды. BAQ.KZ тілшісі Конституцияның жаңа жобасындағы өзгерістердің саяси жүйені өзгертудегі ықпалы туралы зерттеп көрді.
Жүйенің «қаңқасы» өзгере ме?
1995 жылғы Ата Заңымызда заң шығарушы билік екі палаталы Парламентке сүйенді. Мұндай модельде Мәжіліс пен Сенат арқылы заң қабылдау бірнеше сүзгіден өтетін: бір жағынан – халықтық өкілдік, екінші жағынан – өңірлік әрі институционалдық тежемелік сақталатын. Бұл тәсіл заң шығару процесін баяулатуы мүмкін болғанымен, шешімдердің «тепе-теңдікпен» қабылдануына жағдай жасайтын.
Ал жаңа жоба негізінде заң шығарушы орган – Құрылтай болады. Онда 145 депутат, 5 жылдық өкілеттікке сайланады.
Сарапшылардың айтуынша мұндай өзгерістер биліктің халық өмірін жақсартуда тез шешім қабылдауына оң әсерін береді. Себебі бұрынғыдай заң жобасы екі палатаның мақұлдануын күтпейді. Бұл тұрғыда мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов Құрылтайды құрудағы мақсат – халықтың әл-ауқатын көтеру дейді.
Мәселе реформада емес, мәселе халықтың тұрмысын жақсартып, тәуелсіздігімізді сақтап, мемлекетімізді одан әрі дамытуда. Жалпы реформа сол үшін жасалады. Құрылтай заң шығаратын ең жоғары орган ретінде жұмыс жасауы керек,- дейді ол.
Сондай-ақ партиялардың рөлі өсіп, пропорционалды жүйеде саяси партиялардың ішкі тәртібі, кадр сапасы, фракция жауапкершілігі бірінші орынға шығатыны туралы айтады.
Вице-Президент лауазымы саяси жүйеде нені өзгертеді?
Конституцияның жаңа жобасындағы маңызды жаңалықтардың бірі – Вице-Президент лауазымының енгізілуі. Жобада ол президент ұсынуымен, құрылтайдың келісімі арқылы тағайындалатыны анық көрсетілген.
Сонымен қатар Президенттің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтаған жағдайда, өкілеттіктің кімге өтетіні кезең-кезеңімен нақты жазылған: алдымен Вице-Президент, ол мүмкін болмаса – Құрылтай Төрағасы, одан кейін – Премьер-Министр.
Нақты не өзгереді?
Әуелі саяси тұрақтылыққа арналған сақтандыру жүйесі қалыптасады. Сонымен бірге Вице-Президенттің тағайындалуы Құрылтай келісімі арқылы өтетіндіктен, бұл механизм атқарушы биліктің сабақтастығына қоса саяси легитимділік қабатын қосуы мүмкін.
Еуразиялық интеграция институтының департамент басшысы Арман Ешмұратов көптеген тұрақты саяси жүйесі бар елдерде вице-президент институты бар екенін алға тартады.
Бұрын Қазақстанда 90-жылдары мұндай лауазымдар болды. Кейін бұл институт алынып тасталды. Қазіргі геосаяси өзгерістер күннен күнге өзекті мәселелер қатарына шығып отырғанын ескерсек, атқарушы билікті күшейту керекпіз. Еліміздеде атқарушы билік берік болуы керек,- дейді ол.
Қазақстан Халық Кеңесі: диалог алаңы болады ма?
Конституцияның жаңа жобасында Қазақстан Халық Кеңесі «жоғары консультативтік орган» ретінде айқындалады. Оның мақсатын Ұлттық Құрылтайдың 5 – ші отырысында президент айқындап берген еді. Ол қоғамның елеулі дамуына, елдің ынтымақ-бірлігін нығайтуға ықпал ететін қоғамдық-саяси бірлестіктер мен белсенділерді біріктіреді.
Ең маңыздысы, ол Құрылтайға заң жобаларын енгізе алады және референдум бастамасын көтере алады. Сондай-ақ қоғамдық келісім, жалпыұлттық бірлік бойынша ұсыныстар әзірлейді.
Бұл бір жағынан қоғамдық диалогты институционалдандыруға талпыныс: қоғамның әркелкі топтары ортақ мүдде төңірегінде пікір айтуы мүмкін.
Екінші жағынан, заң шығару бастамасы бар консультативтік органның саяси салмағы артады.
Сот – тәуелсіз орган
Жоба мәтінінде Конституциялық Сот тәуелсіз орган ретінде бекітіледі. Тағы бір маңызды норма: азаматтардың өз құқықтары мен бостандықтарына тікелей қатысты нормативтік актілердің Конституцияға сәйкестігін өтініш арқылы қарату мүмкіндігі көрсетілген.
Неге бұл маңызды? Конституциялық бақылау күшейсе, заң жобаларының сапасына ғана емес, қабылданған шешімдердің құқыққа сәйкестігіне де ықпал артады.
Жалпыхалықтық референдум
Конституцияға өзгерістер енгізудің жалғыз тетігі референдум деп көрсетілген. Оны өткізу туралы шешім президенттің, құрылтайдың, үкіметтің немесе халық кеңесінің бастамасы бойынша жүргізіледі.
Онда халықтың жартысынан астамы дауыс беруге қатысса, жалпыхалықтық референдум өткізілді деп саналады.
1 шілдеден бастап не өзгереді?
Егер референдумда жаңа Конституция қабылданса, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енетіні жазылған. Ал бұрынғы 1995 жылғы Конституцияның қолданысы сол сәттен тоқтайды.
Сондай-ақ сол күннен бастап 1995 жылғы Конституция бойынша қалыптасқан Парламент өкілеттігін тоқтатады. Бір ай ішінде Құрылтай сайлауы жарияланып, екі ай ішінде өткізілуі тиіс.
Сонымен қорыта келе, егер Құрылтай Үкіметті кәсіби бақылай алса, Конституциялық Сот тәуелсіз жұмыс істесе, ал өтпелі ережелер заңды әрі ашық іске асса – онда саяси жүйеде жауапкершілік пен құқық үстемдігі күшеюі ықтимал.
Ең оқылған:
- Орталық Азия елдері арасындағы көшбасшы: Қазақстаннан тартылған ТШИ көлемі шамамен 151 миллиард АҚШ долларын құрады
- Мексикадағы жаппай тәртіпсіздік: ҚР СІМ қазақстандықтарға үндеу жасады
- Әлем кубогы: Қазақстан құрамасы конькимен жүгіруден 13 медаль жеңіп алды
- "Қымыз іштім": Павлодарда мас күйінде көлік жүргізген басшы қамалды
- ОРК дауыс беруді ұйымдастырудың негізгі мәселелерін қарастырды
Аида БАТУХАН