Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келген Мәжіліс депутаты, республикалық штаб мүшесі Мейрамбек Төлепберген бірқатар нысандарды аралап, халықпен кездесулер өткізді.
Халық қалаулысы Меркі ауданына барып, «Мерік қант» зауыты ұжымымен кездесті. Көпшілікке конституциялық референдумға байланысты жан-жақты түсіндіріп, жұмысшылардың сауалдарына жауап берді.
Қоғам назарына ұсынылып отырған саяси науқан – ең алдымен Мемлекет басшысының бастамасымен Жаңа Қазақстанды құруға бағытталып отыр. Өйткені, біз құқықтық-демократиялық ел ретінде халық пен мемлекет мүддесі үшін жасалатын өзгерістердің барлығын Ата заңымыздың негізінде жүзеге асыруымыз керек. Осы орайда, референдум арқылы Конституциямызға өзгертулер мен толықтырулар енгізу халықтың тікелей таңдауымен жасалатын болады. Сондықтан, 5 маусым күні еліміздің әрбір азаматы референдумда дауыс беріп, жаңару жолында өзінің үлесін қосу керек, – деді Мейрамбек Мылтықбайұлы өз сөзінде.
Спикер бұл референдумның халық пен қоғамның сұранысының негізінде өткізелетінін де жеткізді.
Одан кейін, мәжілісмен «Меркі қант» зауытының жұмысымен танысты.
Мейрамбек Төлепберген Ойтал ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, ой-пікірімен бөлісті. Алдағы референдумның ел өміріндегі саяси маңыздылығына тоқталып, рефердумда бүкіл халық болып дауыс беру керектігін жеткізді. Қызметкерлермен тілдесіп, олар жолдаған түрлі сауалдарға жауап берді.
Сонымен қатар, Мәжіліс депутаты Т.Рысқұлов ауылы және Меркі шипажайы елді мекендерінің тұрғындарымен кездесіп, жергілікті халықтың тыныс-тіршілігін назарға алды. Сондай-ақ «Нұрай» жекеменшік мектебінде болып, білім ордасының жұмысымен танысты.