Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Ата заңымызға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар 6 мамырда барлық бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды. Ел ертеңіне алаңдайтын, болашағына немкетті қарамайтын әрбір көкірегі ояу, саналы азамат осындай ауқымды өзгерістерге бей-жай қарамайды деп ойлаймын, дейді Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, «Айғақ» Телерадиокомпаниясы» ЖШС бас директоры Дулат Әбіш.
Жетінші шақырылымдағы депутаттың айтуынша, Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға енгізілетін өзгерістер жобасын халықтың талқысына салып, ел азаматтарының шынайы пікірін білу үшін референдум өткізгелі жатқаны нағыз демократиялық қадам.
Жоба БАҚ беттеріне шыға салысымен оқып таныстым. Өзім де БАҚ өкілімін ғой. Конституцияда Президенттің билігін асыра пайдаланбауы, жақын туыстарының саяси қызмет пен квазимемлекеттік секторларды басқара алмауын шектегені, сонымен қатар Президенттің саяси партия қатарында болмауы қарап тұрсаңыз үлкен өзгеріс. Меніңше, халық мұндай өзгерістерді көптен күтті, сондықтан референдум ел тарихында елеулі оқиға болары сөзсіз, - дейді Түркістан облыстық мәслихат депутаты Дулат Назарбекұлы.
Ол Ата Заң қабылданса Президенттің аймақтағы әкімдерді қызметінен босатуға да құқы шектелетінін айтып өтті.
Жобада ауқымды өзгерістер бар. Бұл жоба қабылданса алдағы уақытта Президент өкілеттігін асыра пайдалана алмайтынына куә боламыз. Бұдан бөлек, Конституциялық кеңес құрамында бұрынғы президенттердің болмайтыны да тайға таңба басқандай айтылған, - деді ол.
Депутат өз сөзінде бұрын Конституциялық кеңес Президент пен үкімет басшысының, Мәжіліс депутаттары мен соттардың ғана өтініштерін қарастырса, Ата Заңға енгізілетін өзгерісте Конституциялық сотқа қарапайым азаматтардың да жүгіне алатынын жеткізді.
Ендігі кезекте қатардағы азаматтар да Конституциялық сотқа жүгіне алатын болады. Бұл сот актіні, сот шешімін шығаруға негіз болған заңды қайта қарастыра алады деген сөз, - деді белгілі журналист Дулат Әбіш.
Сондай-ақ, депутат қоғамда талқыға түсіп жатқан референдумның тағы бір маңыздылығына тоқтала кетті. Ол өлім жазасы туралы өзгеріс.
Елімізде өлім жазасына 2003 жылдан бері мораторий жарияланғанын өзіңіз де білесіз. Референдумға халық жаппай белсенді қатысып, өзгерісті қолдаса өлім жазасы түбегейлі жойылады, - деді депутат.
Депутат сонымен бірге Ата Заңдағы барлық өзгерістерді құптайтынын, соның ішінде құзіретті органдардың, судьялардың саяси партияларды қолдай алмайтынын дұрыс қадам деп есептейді.
Референдумға азаматтар белсенді қатысқаны жөн. Өйткені, Конституцияға енгізілген өзгеріс – ертеңгі күнімізді айшықтайды. Президент бізге үлкен мүмкіндік беріп тұр. Енгізілетін толықтыруылардың тағы біріне тоқтала кетсем, ол елімізде Конституциялық Соттың, Жоғарғы Соттардың, басқа да сот төрағалары мен судьялар, Жоғары аудиторлық палата төрағалары мен әскери қызметшілер, ұлттық қауіпсіздік органдары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері саяси партияларды қолдап сөйлей алмайтын болады. Бұл дегенің қолында билігі бар адамдардың белгілі бір саяси науқан кезінде күш алып кетпеуіне, олардың салмағы басым болмауы Ата Заң арқылы бақыланып, реттеліп отырады, - дейді облыстың мәслихат депутаты.