Конго Демократиялық Республикасының (КДР) шығыс бөлігінде орналасқан "23 наурыз қозғалысы" (М23) атты көтерілісшілер тобы бақылауындағы аумақта шахта опырылып, кемінде 227 адам көз жұмды, деп хабарлайды BAQ.KZ ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.
Reuters агенттігі көтерілісшілер тағайындаған Солтүстік Киву провинциясы губернаторының баспасөз хатшысы Лубумбу Камбере Муисаның мәліметіне сүйеніп, оқиғаның 28 қаңтарда болғанын, ал қаза тапқандардың нақты саны әлі де анықталып жатқанын жазды.
Оқиға қала маңындағы Рубайя елді мекенінің жанындағы шахтада тіркелген. Мұнда колумбит-танталит (колтан) минералы өндіріліп жатқан. Бұл шикізат әлемдік нарықта жоғары сұранысқа ие: ол электромобиль аккумуляторларын және ұялы телефондарды жасау барысында кеңінен пайдаланылады.
КДР колумбит-танталит өндіру көлемі бойынша әлемде көш бастап тұр: ел жыл сайын шамамен 2 мың тонна осы минералды өндіреді. Оның үстіне, КДР-де өндірілетін колтанның жартысына жуығы Солтүстік Киву провинциясындағы Рубайя ауданындағы кеніштерден түседі.
2024 жылы М23 тобы КДР-дың осы бөлігінде колумбит-танталит өндірілетін шахталардың басым бөлігін басып алған. Конго билігі көрші Руанданы М23 ұйымын қолдады деп айыптайды. Сондай-ақ Руанданы көтерілісшілер бақылауындағы аумақтарда шикізатты заңсыз өндіруге және оны Руанда аумағына тасымалдауға қатысы бар деп кінәлап отыр.