"Компьютерді соңғы рет 9-сыныпта қолдандым": Жанабылов өзіне қатысты мәлімдеме жасады

Сондай-ақ Ерболат Жанабылов ұтыстарды ұйымдастыруға қатысты сұрақтарға жауап берді.

 ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова Бүгiн 2026, 16:01
Бүгiн 2026, 16:01
100
Фото: ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова

Сот отырысында блогер Ерболат Жанабылов өзіне тағылған айыптарға қатысты түсінік беріп, іс бойынша бірқатар жайтқа тоқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, ұқсас жағдайға тап болған блогер Дархан Жолшыбаев тек әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Дархан Жолшыбаев өзі де әкімшілік айыппұл болғанын айтты. Ол сотқа өзі бармаған, оның орнына адвокаты қатысып, апелляция да берген. Яғни ол да айыпты толық мойындамаған. Бірақ оған қатысты қылмыстық іс болмаған, - деді Жанабылов.

Блогердің сөзінше, дәл осындай жағдайда өзіне қылмыстық іс қозғалғаны түсініксіз.

Менде де дәл сондай жағдай болды. Бірақ маған қатысты қылмыстық іс қозғалды. Заң бәріне ортақ емес пе? Неге бір жағдайда әкімшілік жауапкершілік, ал екінші жағдайда қылмыстық іс? Әлде қоғамдық резонанстың әсері бар ма? – деді ол.

Сондай-ақ Жанабылов ұтыстарды ұйымдастыруға қатысты сұрақтарға жауап берді. Оның айтуынша, “сәттілік барабаны” жүйесін техникалық маман Сұңғат Өтеболатов әзірлеген.

Бұл жүйемен арнайы маман айналысты. Ол төлемдер, сайт және “сәттілік барабаны” бойынша жұмыс істеді. Түсірілім мен монтажды бөлек студия жүргізді. Сонымен қатар, оның жұбайы Маржан да көмектесті, – деді Жанабылов сотта.

Блогер өзінің жүйеге қолжетімділігі болмағанын атап өтті.

Менде бұл жүйеге қолжетімділік болған жоқ. Компьютерді соңғы рет мектепте 9-сыныпта қолданған шығармын. Сондықтан ұтыс нәтижесіне әсер ету мүмкіндігім болған жоқ, – деді Жанабылов.

Айыптау тарапының ұтыстар оның жеке парақшасында өткізілді деген уәжіне қатысты ол мұнымен келіспейтінін айтты.

Біз ұтыстарды өз парақшамызда өткізген жоқпыз. Біздің парақшаларда тек жеңімпаздарды жариялап отырдық. Жеңімпаздар сайт арқылы анықталды, біз тек нәтижені көрсеттік, – деді ол.

Сонымен қатар блогер парақшаларында жарнамалық анонстар болғанын растады.

Иә, анонстар болды. Біз адамдардың қалай жеңгенін көрсеттік, сонымен қатар оқыту курстары туралы да айттық. Бірақ ұсынылып отырған видеолар толық емес. Әлеуметтік желілер көбіне қысқа, бір минуттық үзінділерді ғана көрсетеді, - деп түсіндірді Жанабылов.

Бұған дейін елордада блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты іс бойынша кезекті сот отырысы өтіп жатқанын хабарладық. Сотта блогер Ерболат Жанабылов жауап беруді бастады.

2026 жылғы 30 наурыздағы сот отырысында блогер Нұрбек Нұртаза (лақап аты – justking31) куәлік етті. Нұрбек Нұртазаға дейін сот залында блогер Дархан Жолшыбековтен де куәгер ретінде жауап алынған еді.

Сондай-ақ, сот процесінде Жанабыловтар ісінде күтпеген жаңа деталь шықты.

Сот отырысында Жанабыловтарды үйқамақта ұстау шешімі өзгеріссіз қалдырылды. Прокурор Жанабыловтар лотереяны рұқсатсыз ұйымдастырғанын мәлімдеді. 

Наверх