Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Коммуналдық төлемдер: Жыл ортасынан кейін баға қандай болады?

Кеше, 12:30
456
Бөлісу:
 BAQ.KZ коллажы
Фото: BAQ.KZ коллажы

2025 жылдың соңында Қазақстанда коммуналдық қызмет тарифтері орта есеппен 10,99%-ға өскені белгілі. Бұл өсім алдымен инфрақұрылымдық шығындардың артуымен, энергия ресурстарының әлемдік бағасының өзгеруімен және операциялық шығындардың өсуімен байланысты болды. Осы жағдай қоғамда "2026 жылы тарифтер тағы да қымбаттай ма?" деген сұрақ тудырады. BAQ.KZ тілшісі биыл қандай өзгерістер болатыны туралы зерттеп көрді.

Қазір жағдай қандай?

Үкімет 2025 жылдың қазан айынан бастап 2026 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін коммуналдық тарифтердің өсуіне шектеу қойған еді. Бұл шешім халықтың қаржылық жүктемесін жеңілдету және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында қабылданды.

Сондықтан 2026 жылдың алғашқы үш айында коммуналдық қызметтің бағасы өзгермейді.

Ал кейін не болуы мүмкін?

Мамандардың айтуынша, тарифтердің өсу қаупі толық жойылған жоқ. Оның бірнеше себебі бар. Ең бастысы – еліміздегі коммуналдық инфрақұрылымның әбден ескіргені. Көптеген жылу желісі мен су құбырлары ондаған жыл бұрын салынған, ал оларды жөндеу немесе толық жаңарту қомақты қаражатты талап етеді.

Бұдан бөлек, электр энергиясы мен отын бағасы, қызмет көрсететін кәсіпорындардың шығындары, жұмысшылардың еңбекақысы да тарифке әсер етпей қоймайды.

Осы факторларды ескере отырып, экономистер 2026 жылдың екінші тоқсанынан бастап коммуналдық қызмет бағасы 20-30 пайызға өсуі мүмкін деген болжам айтады.

Энергетика саласында да, жылуда да көптеген инфрақұрылымдар жаңартуды талап етіп отыр. Сондықтан жылдың екінші жартысында өсім болуы мүмкін, - дейді Бауыржан Ысқақ.

Бұл халыққа қалай әсер етеді?

Коммуналдық тарифтердің өсуі тек түбіртекпен шектелмейді. Ол азық-түлік пен қызмет бағасының қымбаттауына да ықпал етеді. Себебі кез келген өндіріс пен қызмет көрсету саласы жарық пен жылуға тәуелді. Баға өссе, шығын да артады.

Соның салдарынан халықтың сатып алу қабілеті төмендеп, күнделікті шығынды жоспарлау қиындай түседі.

Мемлекет қандай қолдау көрсетеді?

Дегенмен мемлекет бұл мәселені назардан тыс қалдырмай отыр. Әлеуметтік осал санаттағы азаматтар үшін тұрғын үй көмегі сақталады. Егер коммуналдық төлемдер отбасының жалпы табысының белгілі бір бөлігінен асып кетсе, шығынның бір бөлігі өтеледі.

Сонымен қатар тарифтердің күрт өсуіне жол бермеу үшін реттеуші органдар кәсіпорындардың шығындарын қайта қарап, кей өзгерістерді кейінге шегеріп отыр.

2026 жылдың басында коммуналдық қызмет бағасы өзгермейді, ал жыл ортасынан кейін өсім болуы мүмкін деген болжам бар. Бірақ бұл өсімнің нақты көлемі экономикалық жағдайға, инфрақұрылымды жаңарту қарқынына және мемлекеттің шешімдеріне тікелей байланысты болады.

Өзгелердің жаңалығы