Үкімет отырысынан соң өткен брифингте Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов коммуналдық тарифтердің өсуіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, коммуналдық тарифтер бірден көтерілмейді және бұл үшін тиісті рәсімдер сақталуы қажет.
Ертеңнен бастап ешқандай тарифтер көтерілмейді. Алдымен тиісті өтініш берілуге тиіс. Алдын ала берілсе, қарастырылуы мүмкін. Бүгінде тиісті өзгерістер келіп жатыр, олар қарастырады, – деді ол.
Вице-министр коммуналдық тарифтерді бекіту бірнеше кезеңнен өтетінін атап өтті.
Табиғи монополия агенттігі субъектілерді қарайды, ал Энергетика министрлігі генерация станциялардың тарифін зерттеп, сосын ғана шешім қабылдайды, – деді Сұңғат Есімханов.
Сондай-ақ әр өңірдегі коммуналдық тарифтердің өзгеруі жергілікті деңгейде қаралатыны айтылды.
Әр өңірдің аумақтық департаменті бар. Олардың әрқайсының мерзімі әртүрлі болады. Әр өңірдің коммуналдық тарифінің өзгеруі тыңдаулар мен өтініштер берілмей болмайды деп ойлаймын, – деді ол.
Вице-министр коммуналдық тарифтердің өсуіне әсер ететін факторларға да тоқталды.
Мұны ашық айтып жатырмыз. Инфляция бар, тиісті құралдар қымбаттайды. Екіншіден, ол жерде жұмысшылар жұмыс істейді. Сондықтан ол мәселелер объективті түрде қаралып, тиісті себеп болса, өсіруі мүмкін, – деді Сұңғат Есімханов.
Еске салайық, бұған дейін вице-министр көмір бағасы бірден өспейтінін айтты.