Алматыда шаһарды абаттандыру жұмыстары қарқынды жүзеге асырылып жатыр. Саябақтарды абаттандыру және оларды күтіп-баптаумен айналысатын қызметкерлердің еңбегі ерен. Мұндай еңбек адамдарының бірі - Нұрсұлтан Ақбердиев. Ол жұмыс барысының қалай өтетінін айтып берді, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
– Бір күндік жұмыс күні қалай өтеді?
Жұмысымды таңғы сағат 4:00-ден бастаймын. Алдымен бұрыңғы Горький атындағы саябақты жуып, тазалап, ағаштар мен гүлдерге су құямын. Осылайша, сағат 8:30-ға дейін барлығын бітіремін. Түсте үйіме қайтып, демалып аламын. Кешке күн батқанда сағат 18:00-де қайта жұмысқа кірісемін. Қаладағы «28 гвардияшы - Панфиловшылар», «Тұңғыш Президент» саябағы, Мемлекеттік Орталық музейінің алды, Әл-Фараби даңғылы және т.б жерлердегі гүлдерді суарамыз. Өзіміздің арнайы тракторымыз болады. Орталықтардан 3 тонна суды құйып аламыз. Ал ағаштарға суды күнара құямыз. Осылайша жұмысым кешкі сағат 23:00-де аяқталып, түнде үйіме қайтамын.
– Жылдың 4 мезгілінде де жұмыс қарқынды жүреді ме?
Бұл жұмысты істеп жүргеніме 10 жылдан астам уақыт өтті. Алғашқы кездері қиналған едім, кейін үйреніп кеттім. Өзім жүргізуші, техникалық маман, суарушымын. Барлығына үлгеруге тырысамын. Жазғы маусымда жұмыс қарқынды жүреді. Күніне 10-15 аймақты суарамыз. Ал көктем және күз айларында жұмыс азаяды. Қыста қар күреуге шығамыз. Күнделікті атқаратын шаруаларым өзіме қатты ұнайды. Табиғатқа қамқорлық танытып, жанашыр болуды үйренесің. Әсем гүлдерге қарап отырып, көңілің де көтеріледі. Мәселе туындаса, әріптестеріміз қолдан келген көмегін көрсетеді.
– Адамдардың табиғатқа жанашырлық танытатыны байқала ма?
Иә, байқалады. Бұрындары 5-6 жыл бұрын адамдар гүлдерді жұлып, саябақты ластап, қоқыстарды жиі шашып кететін. Қазіргі уақытта ондай жағдайлар сирек орын алады. Халықтың экологиялық сауаттылығы артқаны байқалады. Біздің жұмысымызды көрген қыз-жігіттер ыстық шайларын, бауырсақтарын алып келіп жатады. Елімізде білімді, тәртіпті, талантты жастардың саны артқаны қуантады. Десе де, жасыл желектерді таптап, гүлдерді жұлып алатындар да жоқ емес. Осы мәселе тыйылса, қаламыз көркейіп, гүл қалаға айналар еді.
– Сұхбаттасқаныңыз үшін рахмет!