Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алдын ала болжам бойынша еліміздегі 1,6 миллион адам коммуналдық өтемақыны алады. Бұл туралы Құрылыс жəне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Бейбіт Шаханов брифинг барысында айтты.
Президент карантин енгізген елдімекендердің тұрғындары үшін коммуналдық төлемдерді төмендету мәселесі бойынша тапсырма бергені белгілі. Оны орындау мақсатынада ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің бұйрығымен коммуналдық шығындарды өтеу қағидасын бекітілген.
Мүдделі мемлекеттік органдармен талқылау нәтижесінде және әкімдіктердің ұсынысы негізінде көмек көрсетілетін осал топтың санаты белгіленді. Оған І, ІІ, ІІІ топ мүгедектері, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасы, көпбалалы отбасылар, ҰОС қатысушылары және оларға теңестірілген адамдар, қызмет бабында қаза таптақан адамдардың отбасылары, ең төменгі зейнетақы алатындар және АӘК алатын азаматтар, - деді Б. Шаханов.
Шығындарды өтеу сәуір және мамыр айлары үшін іске асырылады, әр айға 15 мың теңгеден төленеді. Бұл төлемдер әкімдікке берілген өтініштер негізінде жасалады екен.
Аталған санатқа жататын азамататр колл-орталық немесе ақпараттық жүйелер арқылы өтініш бере алады. Ол жерде өздерінің әлеуметтік мәртебесін, ЖСН нөмерін және дербес шотын ауызша айтса жеткілікті. Кейбір адамдарға өздігінен өтініш беру қиынға соғып отырғаны туралы мәліметтер келіп жатыр. Мұндай жағдайда жақындарының бірі немесе өзге құзырлы мекеме өкілдері сол кісінің атынан өтініш бере алады. Мұндай кезде қандайда бір растау құжаты талап етілмейді, - дейді ол.
Оның айтуынша, мәліметтерді қабылдаған соң әкімдік оны жіті тексереді. Мақұлданған жағдайда өтініш берушінің дербес шотына 15 мың теңге аударылады. Әкімдіктер қазірден өтініштерді қабылдап жатыр.