Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев Құрбан айт мерекесіне орай қазақстандықтарға үндеу жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Құрбан айттың көптеген азаматтарымыз үшін маңызы зор және біз діни нанымдағы жандардың сезімдеріне зор құрметпен қараймыз. Алайда пандемия халықтың денсаулығына қауіп төндіреді. Қазіргі таңда эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысы бойынша барлық қоғамдық іс-шараларды мерекелеу шектелген. Біз қалыптасқан жағдайда азаматтарымыздың қауіпсіздігі мен денсаулығы бірінші орынға шығатынын түсінуге тиіспіз, -делінген үнеуде.
Комитеттің ресми өкілі осыған байланысты барша қазақстандықтарды жағдайға түсіністікпен қарап, Құрбан айт қарсаңында шағын отбасылық шеңберде мерекелік іс-шаралар өткізуге, барлық байланыстарды азайтуға, бұқаралық іс-шараларды, адамдар көп жиналатын рәсімдер ұйымдастырмауға және ондай шараларға бармауға кеңес береді. Сонымен қатар, республиканың барлық аймақтарында коронавирустың дельта-штамы анықталғанын, оның әдеттегі штамға қарағанда 60 пайызға жұқпалы және ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін екенін еске салады.
Биыл екінші жыл қатарынан қазақстандықтар құрбандық шалу рәсімін онлайн форматта жасай алады. Ол үшін qurban2021.kz. сайтында өтінім қалдыру қажет. Эпидемиологиялық жағдайға байланысты құрбандық еті мұқтаждар арасында толығымен таратылады. Сонымен қатар, карантиндік талаптарды қатаң сақтауға, бетперде киюге, әлеуметтік қашықтықты сақтауға, қолды жиі өңдеуге, адамдар көп жиналатын орындарға бармауға шақырамыз, - дейді Ержан Байтанаев.