Комиссия жұмысына әкімшілік пен құқық қорғау органдары заңсыз араласпады – Гозалов

6 Маусым 2022, 10:12
3447
Бөлісу:
Комиссия жұмысына әкімшілік пен құқық қорғау органдары заңсыз араласпады – Гозалов
Фото: Артём Чурсинов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі.  Бұл туралы Түркі мемлекеттері ұйымы миссиясының мүшесі Гисмат Гозалов  халықаралық байқаушылардың ақпараттық орталығында өткен шетелдік байқаушылардың брифингінде айтты.

Қазақстан Үкіметінің шақыртуымен Қазақстандағы референдумды бақылау үшін Түркі мемлекеттері ұйымының миссиясы Қазақстанға келді. Ол жұмысын 2 маусымда бастады. Миссия құрамында хатшылықтың лауазымды тұлғалары бар. Ал Түркі сауда-өнеркәсіп палатасы өз қызметін Қазақстанның ұлттық заңнамасына сай атқарды. Жалпы қабылданған халықаралық құқықтық нормаларға сәйкес дауыс беру ұйымдастырылды. Бақылау аясында миссия референдум алдындағы жұмысты қарау үшін ОРК хатшысы Мұхтар Ерманмен кездесті. Ол миссия мүшелеріне референдум туралы егжей-тегжейлі ақпарат ұсынды, - деді ол. 

Гозалов атағандай, кездесу барысында миссия мүшелері референдум өткізудің негізгі міндеттері мен мақсаты туралы хабардар болды. 

Миссия Сыртқы істер министрінің орынбасары Әділ Тұрсынов мырзамен де кездесті. Ол Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктері мен консулдық мекемелерінде СІМ жүргізіп жатқан дайындық жұмыстары туралы айтты. Шетелде тұратын қазақстандықтарға дауыс бере алатындай жағдай жасалған. Миссияға шетелде тұратын қазақстандықтардың дауыс беру процесіне тартуды қамтамасыз ету үшін 52 дипломатиялық өкілдікте 65 референдум учаскесі жасақталғаны жеткізілді. Орталық референдум комиссиясы референдумды бейтарап және әділ жүргізді. Заңда белгіленген мерзімде үлгерді, - деді ол. 

Гозаловтың айтуынша, қоғамдық кездесулер тиімді әрі ұжымды түрде өткізілген. Олар БАҚ-қа ашық болды. 

Жергілікті комиссиялар жұмысын кәсіби түрде жүргізіп, жергілікті мүдделі тараптардың сеніміне ие болды. Бақыланған 15 референдум комиссиясының 10-ында төрайым әйел болды. БАҚ арқылы азаматтарға ауқымды мәліметтер берілді. Дауыс беру бірқалыпты өтті. Референдум комиссияларының жұмысына әкімшілік немесе  құқық қорғау органдарының заңсыз араласу дерегі байқалған жоқ. Миссия референдум учаскелеріне кіруге рұқсат алды және ондағы қызметкерлерінен толық ақпарат алды. Еркін дауыс беру құқығына  ешқандай кедергі келтірілмеді, - деді ол. 

Гозалов Түркі мемлекеттер ұйымының миссиясы мен байқаушылары референдум халықаралық және ұлттық заңнамаға сай өткенін атап өтті. 

Миссия жақын күндері референдумға беретін бағасы мен ұсыныстарын мүше мемлекеттерге және тиісті халықаралық ұйымдарына  ұсынады. Түркі мемлекеттер ұйымының миссиясы бауырлас Қазақстанды референдумды сәтті өткізуімен құттықтайды. Бұл өзгерістер елдің гүлденуіне оң әсер етеді деп үміттенеміз, - деді Гисмат Гозалов.

Өзгелердің жаңалығы