ҚР Инустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Индустриялық даму комитеті төрағасының орынбасары Тұрар Жолмағамбетов Орталық коммуникациялар қызметінде көмірге шектік баға қою туралы журналист сұрағына жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ол көмірге мемлекет тарапынан шектік баға қоюдың кесірі тиюі мүмкін екенін айтты.
Өзіңізді кәсіпкердің орнына қойыңызшы. Көмірдің бағасын немесе экспортын реттейтін болса, мен ешқашан ақшамды ол бизнеске салмаймын. Басқа мемлекет реттемейтін бизнеске саламын. Сол себептен бұл жерде баланс болу керек. Сондықтан біз әлеуметтік көмірдің бағасын реттемейміз. Бағаны реттесе ол бизнеспен ешкім айналыспайды. Соңында көмірдің арзаны да, қымбаты да болмайды, - деді Жолмағамбетов.
Ол сондай-ақ Қазақстанда көмір бағасы көрші мемлекеттермен салыстырғанда да 2-3 есе арзандығын айтып, ел ішіндегі әлеуметтік көмір бағасы төмен екеніне тоқталды.
Бізде әлеуметтік көмірдің бағасы әлдеқайда төмен. Коммуналдық-тұрмыстық көмірдің бағасын алатын болсақ және айталық қарапайым кірпіш шығаратын зауытқа сатылатын көмірдің бағасын салыстыратын болсақ, оның арасы 30-40 пайыз болуы мүмкін. Яғни халық көмірді 30 пайызға арзанырақ алады, - деді ол.