Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Марат Қарабаев Үкімет отырысында алдағы жылыту маусымында халықты көмірмен қолжетімді бағамен, үзіліссіз қамтамасыз ету үшін не жасалып жатқанын айтты.
Ол біріншіден, экономиканы демонополизациялау жұмыс тобының шеңберінде кірме теміржолдарының ұсыну қызметтерінің тарифі 92 пайызға төмендетілгенін және осымен айналысатын мекеме алдағы уақытта толық мемлекетке қайтарылатынын айтты.
Екіншісі, былтыр біз пилоттық режимде халыққа ұсынылатын көмірдің 10 пайыз бөлігін тікелей өңірлік операторларға делдалдарсыз сауда-саттық биржасында сатқан болатынбыз. Ол өзінің оң тәжірибесін көрсетті және биыл сол оң тәжірибені ескере отырып, халыққа ұсынатын көмірдің көлемін 10 пайыздан 50 пайызға дейін ұлғайтып отырмыз, – деді ол.
Ал үшінші бағытта, вице-министр көмір бағасының карьерден халыққа дейін қалыптасуының тізбесіне талдау жасау жұмыстары жүріп жатқанын айтты. Яғни карьердегі баға қанша, одан соң сауда үйіндегі баға қанша, одан соң өңірлік оператордағы, одан соң жеке жеткізушілердің бағалары қанша, халыққа дейін барған баға қанша екеніне талдау жасалады.
Алдағы уақытта сол бағаны талдау жасап, қадағалайтын боламыз және ортада артық делдалдар болса, соларды жою мәселесін пысықтайтын боламыз. Осы қадамдар халыққа көмірді қолжетімді бағамен жеткізетін болады, – дейді Марат Қарабаев.