Елімізде жаңа жылу электр орталықтары (ЖЭО) "таза көмір" технологияларын қолдана отырып салынады. Мемлекет басшысының Жолдауынан кейін өткізілген Үкімет отырысының бірінде Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов осылай деп мәлімдеген болатын, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Осылайша, Қазақстан жаһандық декарбонизация үрдісін ескере отырып, "таза көмір" технологиясын таңдап отыр. Бір есептен ол ұлттық көміртек ізін азайту міндеттемесімен де үйлеседі. Энергетика министрі мәлімдегендей, елімізде энергетикалық көмірдің расталған қоры 33,6 млрд тоннаны құрайды. Бұл көрсеткіш елімізді көмір кеніне бай үздік он мемлекеттің қатарына қосады. Мұндай жағдайда жақын перспективада көмір генерациясынан толық бас тарту экономикалық тұрғыдан тиімсіз.
Жаңа көмір стансаларының құрылысы мен қолданыстағыларын жаңғырту экологиялық талаптар мен нормаларға сай, қоршаған ортаға әсері барынша аз "таза көмір" технологиялары негізінде жүзеге асырылады. Мәселен, Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында салынатын ЖЭО-ларды, сондай-ақ Курчатов пен Екібастұз қалаларындағы ірі электр стансаларын айтуға болады, – деді Ерлан Ақкенженов.
Бүгінде елімізде 37 ЖЭО жұмыс істеп тұр. Алайда, олардың ескіріп-тозуының орташа көрсеткіші 60%-дан жоғары. Көбінің пайдалануға берілген мерзімі 28-30 жылдан асқан. Естеріңізде болса, 2023 жылғы желтоқсан айының басында он күнге созылған қатты аязда Екібастұз, Балқаш, Степнагорск, Ақтау, Теміртау, Көкшетау, Риддер қалаларында жылу, су құбырлары кезегімен жарылып, жылу орталықтары істен шыққан болатын.
Осы оқиғадан кейін үкіметтік комиссия құрылып, 37 ЖЭО-ның 19-ын «қызыл аймаққа» жатқызды. Былтыр көктемнен бергі үздіксіз жүргізілген жаңғырту жұмыстарынан кейін тоғыз ЖЭО "қызыл" белгіден "сарыға" өтті, қалған 10 ЖЭО әлі де тәуекел аймағында қалып отыр.
Одан бөлек, жылумен жабдықтау желілері де ескірген. Ресми дерекке сәйкес, еліміздегі жалпы ұзындығы 13 мың шақырым жылумен жабдықтау желілерінің орташа тозуы – 53%, шамамен 7 мың шақырымын ауыстыру қажет. Әсіресе, Павлодар, Ақмола, СҚО, Қостанай, Маңғыстау және Қарағанды облыстарында жылу желілерінің тозу көрсеткіші жоғары. Үкіметтің алдында 2030 жылға қарай тозған жылу желілерін 43%-ға дейін төмендету міндеті тұр.
Қысы қатал, жер көлемі үлкен біздің ел үшін жылу әрі қуат көзінің негізі ретінде көмірдің орны айрықша. Біріншіден, біздегі кеннің зерттелген қорының мөлшері 33 млрд тоннадан астам болса, геологиялық қоры 256 млрд тонна шамасында. Бұл дегеніңіз 600 жылға жететін көрсеткіш. Екіншіден, көмірдің жылу беру қабілеті жоғары әрі қатты отын ретінде тасымалдауға ыңғайлы. Ендігі міндет көмір өндіру мен оны қолдану процесіне заманауи технолгияларды енгізу.
Мемлекет басшысы 8 қыркүйекте халыққа Жолдауында көмір энергетикасын озық әрі экологиялық технологияларды пайдалану арқылы дамытуға айрықша назар аудару қажеттігін атап өтті.
Қазақстанның сапалы көмір қоры орасан. Сондықтан оның табиғатты ластамайтынына кепілдік беретін озық технологияларды қолдана отырып, көмір энергетикасын дамытуға ерекше назар аудару қажет. Өзіміздің табиғи артықшылықтарымызды ел игілігіне дұрыс пайдалана білу керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазіргі уақытта көмір химиясы Германия, Қытай және Оңтүстік Корея секілді елдердің өнеркәсіптік саясатының негізгі бағытына айналып отыр. Мәселен, Қытай жыл сайын 200 млн тонна көмір өңдеп, жоғары қосылған құны бар өнімдер алады. 2021 жылы Қытайдағы көмірхимия нарығының көлемі 4,36 трлн юаньды (шамамен $630 млрд) құрады.
Көмірге бай Қазақстанда да аталған саланы дамытудың келешегі зор. «Көмір химиясы және технологиялар институты» ЖШС директоры, химия ғылымының докторы Болат Ермағамбетовтің айтуынша, біздің ғалымдар осы уақытқа дейін көмірді газға айналдыру технологиясын әзірлеп қойған. Дегенмен, көмірді қазандықта жағу тәсілі жетілдірілмеген, ғылыми жұмыстар жоқтың қасы.
Салалық Институттардың жоқтығынан қазандықтардың жаңа түрі, көмірді жағудың жаңа әдістері енгізілмей отыр. Яғни, көмір қазандықтары да сол кеңестік жүйеден бергі құрылғылар, көмірді жаққан кезде шығатын газдар тазаланып, кәдеге асырылмайды. Міне, Президентіміздің күн тәртібіне «таза технологияны» пайдалану қоюдың себебі осы, – дейді ғалым.
Көмір химиясын дамыту арқылы одан 400-ден астам өнім түрін өндіруге болады. Мысалы, Қытайда химиялық өнімдердің 70%-дан астамы дәл көмірден алынады екен. Қолда бар мәліметтерге сәйкес, 2021 жылы әлемде көмірді химикаттарға өңдейтін шамамен 40 ірі зауыт жұмыс істеген болса, оның 35-і Қытайда орналасқан. Екінші көршіміз Ресей де көмір электр станцияларын жаңғырту тұжырымдамасын әзірледі. Бұл тұжырымдама Қытай мен Үндістанда қолданылатын «таза көмір» технологиясын пайдалануға бағытталған. 2023 жылы Үндістан күл мен қож қалдықтарын қайта өңдеуде 100% көрсеткішке қол жеткізді. Ал Қытайда көмір энергетикасының идеологиясы өте қарапайым: көмір стансалары қоршаған ортаға дәл сондай қуаттағы газ станциясынан артық жүктеме түсірмеуі тиіс.
Дегенмен, мен бірінші орынға Жапония мемлекетін қояр едім. Олардан көп үйренуге болады. Олар Фукусима апатынан кейн көмір энергетикасын кеңінен дамытып жатыр. Сондай-ақ көмірдің ішінде оның қалдықтарынан СО2, шлактар, күкірт сияқты қалдықтар түседі. Көмірқышқыл газы химиялық шикізат болғандықтан одан метанол, поликарбонат, олефиндер –пластмассалар, дизел отынын алуға болады. Жалпы, мұнайды өңдегенде алынатын заттардың көбін көмірден алуға болады, – дейді химия ғылымының докторы Болат Ермағамбетов.
Соңғы бірнеше ғасыр бойы маңызды энергия ресурсы болып саналып келген көмір өндірісіне әлемдік экономика әлі де тәуелді. Халықаралық энергетикалық агенттіктің мәліметінше, көмір – құрамында көміртегі ең жоғары қазба отын бола тұра, әлемдік электр энергиясы өндірісінің үштен бірінен астамын қамтамасыз етіп отыр. 2024 жылы әлемдік көмір тұтыну көлемі 8,77 млрд тоннаға жетті. Бұл көлемнің 30%-ға дейінгі мөлшерін іргедегі Қытай мемлекеті тұтынады.
Қытай бір есептен көмір химиясын мұнай мен табиғи газ импортына тәуелділікті азайту мақсатында дамытып жатыр. Бұл әдіс бізге де тиімді. Оған қоса, Қазақстан көміріндегі гумин қышқылдарының мөлшері Қытай көмірінен 6-8 есе артық. Химия өнеркісібі ол қышқылдарды органикалық тыңайтқыш өндіруге, косметологияда, ветеринарияда қолданылады, – деп атап өтті Болат Ермағамбетов.
Десе де көмір химиясы өндірісі қымбатқа түсетін жоба саналады. Argus агенттігінің сараптамасында көрсетілгендей көмір химиясы кешенінің құрылысы мұнай химиясы кәсіпорны құрылысына қарағанда 2,5 есе қымбат болады. Мәселен, 1 тонна көмірді өңдеп тауар өнімін шығару үшін 150-250 доллар қажет.
Осыған орай, Қазақстанда заманауи көмірмен жұмыс істейтін жылу электр стансаларын салу үшін триллиондаған теңге қажет болуы ықтимал. Бұл жөнінде LS порталына берген сұхбатында «Атамекен» ҰКП басқарушы директоры Жақып Хайрушев айтқан.
Жасыл технологияларды ескере отырып, заманауи блоктарды салуға жұмсалатын бастапқы инвестициялар стандартты көмір жобаларымен салыстырғанда 40-60%-ға қымбат болуы мүмкін. Ал көмірқышқыл газын толық көлемде сақтау жүйесін енгізу шығынды одан әрі арттырады. 500–1000 МВт қуаттағы энергия блоктары үшін бұл сома миллиардтаған долларға дейін жетуі ықтимал, – дейді сарапшы.
Бұл өз кезегінде өндірілген электр энергиясының өзіндік құнын дәстүрлі қатты отынмен жұмыс істейтін станциялармен салыстырғанда 30-50%-ға дейін қымбаттатуы мүмкін. ЖЭО салу үшін қаржыдан бөлек, уақыт та қажет. Жобаны әзірлеп, техникалық негіздемесін даярлау, мемлекеттік экспертизадан өткізуге 3-5 жыл мерзім керек болады.
Еліміздеи көмір кенішінің саны 40 шақты. Алайда, бәрі жекеменшіктің қолында. Олар 1 пайыз таза табыстан ғылымға және ғылыми тәжірибелік жобаларға жұмсау керек. Бірақ, соның өзін бермей, қысып қалады. Сондықтан оларға бір шара қолданбаса болмайды. Көмір химиясын дамытамыз десек, инвестиция керек, – дейді Болат Ермағамбетов.
Жыл сайын Қазақстанда 100-112 млн тонна көлемінде көмір өндіріледі. Салада 30 мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Яғни, ел экономикасындағы маңызды ресурстық сала. Көмір химиясын дамыту тиімді жүзеге асырылса, қосымша жұмыс орындары тағы да ашылатыны сөзсіз. Сол себепті мамандар өндірістегі монополияны реттеп, көмір генерациясын толық жаңарту үшін арнайы заң жобалары әзірленуі керек екенін айтады.
Бауыржан Базар