Қазақстан дәстүрлі түрде көмір қорының байлығымен танымал. Қарағанды мен Екібастұз бассейндері ондаған жылдар бойы елді электр энергиясымен қамтамасыз етіп келеді. Дегенмен, еліміздегі шахталарда тек көмір ғана емес, әлемдік нарық үшін стратегиялық маңызы зор басқа да пайдалы қазбалар өндіріледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі редакциямыздың сауалына берген жауабына сәйкес, Казақстанда мыс, мырыш, алтын, темір, корғасын және т. б. кендері өндіріледі. Елде пайдалы қазбалардың 20%-ы шахта әдісімен, ал 80%-ы ашық (карьерлік) тәсілмен өндіріледі.
Металл кендерінің негізгі түрлеріне мыс, алтын және темір кендерін жатқызуға болады. Кен өндірудің негізгі аймақтары Ақмола, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Ұлытау облыстарында орналасқан. Кен өндіру бойынша негізгі кәсіпорындарға “Казцинк” ЖШС, “Қазақмыс корпорациясы” ЖШС, KAZ Mineralas, “Алтыналмас” АҚ, “Актюбинская медная компания” ЖШС, ERG тобы және т. б компанияларын жатқызуға болады. Алдағы жылдары кен өндіру көлемі ағымдағы деңгейде сақталады деп болжанып отыр. Қазақстан Республикасында өндірілген кендер бірінші ретте отандық өнеркәсіптерді толықтай қамтамасыз етіп, қалған шикізат шет мемлекеттерге экспортталады, - делінген ведомствоның ресми жауабында.
Қауіпті өндірістік объектілердегі мемлекеттік бақылау мен қадағалауды ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінде, ал экологиялық нормалардың сәйкестігін бақылауды Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігінде жүзеге асырылады.
Көмір өндірісі
Қазақстанда 30-дан астам көмір кен орны бар. Ірі бассейндер – Қарағанды, Екібастұз және Майкөбен. Елдегі көмір қоры 33,6 млрд тоннаға бағаланады. “Богатырь Көмір” кәсіпорны жылына шамамен 40 млн тоннаға дейін өндіреді.
Металл кендері
Көмірден бөлек, Қазақстан темір және мыс кенінің қомақты қорына ие. Торғай темір кені бассейні – әлемдегі ең ірілердің бірі. Соколов-Сарыбай, Қашар және Лисаков кен орындары жұмыс істеп тұр.
Жезқазған, Балқаш пен Ақтөбе өңірлерінде мыс өндірісі кең таралған. “Қазақмыс корпорациясы” мен “KAZ Minerals” кәсіпорындары жыл сайын миллиондаған тонна кен өндіреді.
Уран – әлемдік көшбасшылық
Қазақстан әлемдегі табиғи уран өндірісі бойынша бірінші орында. 2023 жылы жаһандық уран өндірісінің 35%-дан астамы елімізге тиесілі болды. Ірі кен орындары – Ақбастау, Оңтүстік Инкай және Ақдала.
Сирек және стратегиялық металдар
Соңғы жылдары Қазақстан сирек кездесетін және стратегиялық металдарды игеруді жандандырып келеді. Литий, кобальт, никель, марганец, графит және галлий сияқты элементтер электромобильдерге арналған аккумулятор өндірісінде таптырмас шикізат саналады.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, тау-кен өнеркәсібі елдің өнеркәсіптік өндірісінің үштен бірін (29%-ын) құрайды. Пайдалы қазбаларды экспорттау мемлекеттік бюджет кірісінің негізгі бөлігін қамтамасыз етеді.