Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биыл 15 қазаннан бастап Нұр-Сұлтан қаласындағы азаматтардың жекелеген санатына көмір сатып алу үшін көрсетілетін әлеуметтік көмекке құжаттар қабылданады.
Елорда әкімдігінің ресми сайтының мәліметтеріне сәйкес, төлем мөлшері 16 АЕК немесе 40 400 теңгені құрайды.
«Қатты отын сатып алу үшін бөлінетін әлеуметтік көмек зейнеткерлерге, мүгедектерге, мүгедек балаларға, көпбалалы аналар мен пешпен жылытатын жер үйлерде тұратын отбасыларға беріледі. Бұл көпбалалы отбасылар сол үйдің иесі (жалдаушы) немесе үй иесі отбасының мүшесі болуы керек әрі отбасы мүшелерінің атында өз үйі, төрт күнкөріс минимынан жоғары табысы болмауы тиіс», - делінген хабарламада.
2019 жылдың 15 қазанынан 2020 жылдың 15 сәуіріне дейін созылатын жылыту маусымына 16 АЕК көлемінде төлем төленеді. Биыл бұл сома 40 400 теңгеге тең.
Аталмыш көмекті алуға құқығы бар бірнеше адам бір үйде тұрған жағдайда, өтемақы олардың біреуіне ғана төленеді.
Жылыту маусымы кезінде мемлекеттен бұл көмекті алу үшін өтініш беруші Достық, 13, Нұрсая-2 тұрғынүй кешенінде орналасқан Нұр-Сұлтан қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына өтінішімен бірге келесі құжаттарды тіркеуі керек:
- жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
- бір тоқсанда, алдыңғы мерзімде келген өтініш берушінің (отбасы мүшелері) кірісі туралы мәлімет;
- мәртебені растайтын құжаттың көшірмесі (зейнеткерлік туралы анықтама, мүгедектік туралы анықтама, балалардың туу туралы куәліктері);
- Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің аумақтық органы берген жылжымайтын мүліктің жоқтығын дәлелдейтін анықтама;
- жалға алушылар үшін тұрғын үйді пайдалану құқығын растайтын құжат.
Анықтама телефондары: «Сарыарқа» ауданы 55-68-45; «Байқоңыр» ауданы 55-68-45; «Алматы» ауданы 55-68-22; «Есіл» ауданы 55-58-34.