Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордалық тұрмысы төмен отбасылар мен мұқтаж жандарға көмір сатып алуға 20 200 теңге көлемінде әлеуметтік көмек беріледі. Бұл туралы қалалық отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ербол Төлеуов мәлімдеді.
Әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жеке санаттарының тізбесін айқындау қағидаларына сәйкес, қатты отынды сатып алуға әлеуметтік көмек төрт ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын табысы бар отбасыларға, пешпен жылытылатын жер үйлерде тұратын мүгедектерге, мүгедек балаларға, зейнеткерлерге, көпбалалы отбасыларға көрсетіледі.
Басқарма басшысы өтемақы сомасы 20200 теңгені құрайтынын және жылыту маусымында бір рет қана берілетінін айтты. Басқа жағдайда Нұр-Сұлтан қаласының бюджетінен көмірді алуға қаржы бөлінбейді. Аталған сомаға көмірді жеткізіп беру қызметі кіреді.
Көмекті алу үшін мұқтаж жандар әкімдікке өтінішпен қоса келесі құжаттарды ұсынуы тиіс:
1. барлық отбасы мүшелерінің жеке басын куәландыратын құжаттары;
2. мекенжай анықтамасы;
3. жылжымайтын мүлкі жоқ екені туралы анықтама;
4. банктен 20 сандық есеп нөмірі;
5. отбасының кірістері туралы мәлімет.
Барлық сұрақ бойынша 55-68-22, 55-68-34, 55-68-45, 55-68-40 телефон нөмірлеріне хабарласуға болады.
Ербол Төлеуов тамыздағы жағдай бойынша көмірдің 1 тоннасы 12-14 мың теңге аралығында сатылатынын айтты.
Айта кетейік, елорда әкімдігі тұрғындарды көмірді ерте сатып алуға шақырады.