Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қорғаныс министрлігінде Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Бас штаб бастығы генерал-лейтенант Мұрат Бектановтың басшылығымен болып өткен аппараттық кеңесте армияның тіршілік әрекетінің өзекті мәселелері қаралды.
Әскерлердің бас қолбасшылары мен қолбасшылары жауынгерлік даярлық іс-шаралары туралы баяндады. Шілдеде Қарулы Күштерде роталық тактикалық топтармен тактикалық оқу-жаттығулар өткізілуде, бөлімшелерді даярлау жүргізілуде. Ұрыста бөлімшелерді басқаруға, ұрыстың бір түрінен екіншісіне ауысу кезінде, сондай-ақ ерекше жағдайларда білікті түрде әрекет етуіне ерекше назар аудару тапсырылды.
Генерал-лейтенант Мұрат Бектанов экипаждар мен есептоптардан бастап, бөлімшелердің далалық дағдысы бойынша жарыстарға жаңа тәсілдерді дайындау мен енгізу қажет екенін атап өтті.
Қорғаныс ведомствосының мамандары басқару органдары мен әскерлердің жалпы қызметін бағалау әдістемесін талдады. Бұл әдістеме объективті түрде бағалауға, күш-жігерді әскерлердің жауынгерлік әзірлігі көрсеткіштерін жақсартуға бағыттауға, сондай-ақ әскери қызметшілерді жауынгерлік оқу-жаттығуда жоғары нәтижелерге қол жеткізуге ынталандыруға мүмкіндік береді.
Елдің басым бөлігінде ауа температурасының жоғарылуына байланысты қару-жарақ пен әскери техниканы, қару мен оқ-дәрілерді, жанар-жағармай материалдары мен техникалық сұйықтықтарды сақтау шаралар кешені жүргізілуде. Әскери қызметшілерідң орындарында өрт қауіпсіздігі қатерін барынша азайту жөніндегі іс-шаралар кешенін жүргізуге нұсқау берілді. Далада сабақ өткізу кезінде әскери қызметшілердің күн өту қаупін барынша азайту, оларды ауыз судың қажетті мөлшерімен қамтамасыз ету тапсырылды.
Бас штаб бастығы бас қолбасшылар мен қолбасшылардың әскери ұжымдарда болып жатқан барлық үдерістерге жеке кірісуі қажет екенін атап өтті. Жеке құраммен жұмыста олар тек белгіленген жоспарлар мен бағдарламалар бойынша әрекет етіп қоймай, сонымен қатар құқық бұзушылықтар профилактикасы үшін стандартты емес нысандар мен әдістерді қолдануға тиіс.
Қазіргі уақытта «Отпантау – 2021» оқу-жаттығуын өткізу ауданын алдын ала барлау жүргізілуде. Оның барысында жауынгерлік іс-қимылдарды ойнатып көрсету тәртібі, сондай-ақ техникалық және тылдық қамтамасыз ету мәселелері нақтыланатын болады.
Қарулы Күштерде Армиялық халықаралық ойындар – 2021-ге құрама командаларды іс жүзінде дайындаудың екінші кезеңі жалғасуда. Бүгінгі күні бұл жай ғана жарыс емес, жауынгерлік даярлықтың ерекше нысаны. Жарыс форматында әскери қызметшілер өздерінің кәсіби шеберлігін арттырып, әртүрлі қару-жарақ пен әскери техниканы меңгеруде, тәжірибе алмасуда.
Әскерлердің күнделікті тіршілік әрекеті іс-шаралары санитариялық-эпидемияға қарсы шараларды ескере отырып ұйымдастырылғанын атап өту қажет. Бас штаб бастығы жеке құрам денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында оларды сақтау қажеттілігін атап өтті. Қазіргі уақытта армияда коронавирусқа қарсы вакцинациялау жалғасуда. Бас әскери-медициналық басқарма бастығының деректері бойынша жеке құрамның 98,9%-ы бірінші компонент алды. Екінші компонентпен вакцинациялау кезеңі де аяқталуға жақын.